Сарыағаш ауданында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, өңір экономикасының маңызды драйверлерінің біріне айналды. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тапсырмасына сәйкес, халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру бағытында нақты шаралар жүзеге асырылуда. Бүгінде жеке инвестициялар есебінен Сарыағаш қаласында 3 қабатты 7 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Әр үйде 24 пәтерден, жалпы саны 168 пәтер салынуда. Бұл – тұрғын үй нарығын дамытумен қатар, құрылыс саласында жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті кәсіпорындардың материалдық айналымының артуына ықпал ететін маңызды жоба.
Пәтерлердің барлығы әртүрлі әлеуметтік санаттағы азаматтарға қолайлы болатындай жоспарланған, 1 бөлмелі – 42 пәтер (40 м²), 2 бөлмелі – 84 пәтер (56 м²), 3 бөлмелі – 42 пәтер (71 м²).
Сонымен қатар, аудан орталығындағы Самал-3 шағын ауданында пайдалануға берілген үйлердің аумағы абаттандырылып, ұзындығы 3,5 шақырым аумаққа тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар «Сарыағаш қызмет» КММ тарапынан ұйымдастырылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталды. Экономикалық өсімнің нақты дәлелі – 2025 жылдың қаңтар–шілде айлары аралығындағы құрылыс көрсеткіші. Аталған кезеңде тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 33 343 шаршы метр болса, нақты орындалған көлем 37 955 шаршы метрді құрап, жоспар 120,6 пайызға артығымен орындалды. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда айтарлықтай өсімге қол жеткізілгенін айғақтайды. Тұрғын үй құрылысы – тек әлеуметтік қажеттілікті өтеу ғана емес, ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыру, жергілікті кәсіпкерлікті жандандыру, инфрақұрылымдық дамуды ілгерілету секілді экономикалық нәтижелерге жол ашып отыр. Аталған жұмыстар Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар өз кезегінде аудан экономикасына тұрақтылық әкеліп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға серпін беруде.
