САРЫАҒАШТА ТҰРҒЫН ҮЙ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, тұрғын үй қорын сақтау және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта Сарыағаш ауданында көпқабатты тұрғын үйлер мен жатақханаларды жөндеу арқылы тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Бүгінде Сарыағаш қаласындағы Шәмші гүлзары көшесінде орналасқан №3 көпқабатты жатақханада ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба аясында ғимараттың ішкі және сыртқы келбетін жаңарту, ортақ пайдалану орындарын ретке келтіру және тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі уақытта жатақхана дәліздерін әктеу және сырлау, ғимараттың сыртқы қасбетін жаңарту, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын орындарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары «Сарыағаш қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің күшімен жүзеге асырылып жатыр.

Тұрғын үй инфрақұрылымын жаңғырту тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, санитарлық-эстетикалық талаптардың сақталуына, қауіпсіз әрі жайлы тұрғын ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай жұмыстар тұрғын үй қорының пайдалану мерзімін ұзартып, коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруға да оң ықпал етеді.

Өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға бағытталған жобалар халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартудың маңызды бағыты болып табылады. Инженерлік және тұрғын үй инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту нәтижесінде тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайы жасалып, елді мекендердің көркі артып, Сарыағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін берілуде.