САРЫАҒАШТА АУЫЛДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту және ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта Сарыағаш ауданындағы Ақжар және Дихан баба елді мекендерінде жаңа медициналық нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Жобалар ауылдық жерлердің әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтуға, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасын жақсартуға және тұрғындарға заманауи талаптарға сай медициналық қызмет көрсетуге бағытталған. Бұл бастамалар өңірде халықтың денсаулығын сақтау жүйесін жетілдіруге және өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Дихан баба елді мекеніндегі медициналық нысанда кірпіш қалау жұмыстары жүргізілсе, Ақжар ауылындағы жаңа ғимаратта ішкі әрлеу, сылақ жүргізу және терезелерді орнату жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жалғасып, нысандарды заманауи құрылыс талаптарына сай аяқтау көзделген.

Жаңа медициналық мекемелер пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындары алғашқы медициналық-санитариялық көмекті қолайлы әрі заманауи жағдайда алуға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, профилактикалық тексерулердің тиімділігін көтеруге, тұрғындардың денсаулығын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

Өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мұндай жобалар халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады. Денсаулық сақтау нысандарының жаңартылуы ауылдық елді мекендердің даму қарқынын күшейтіп, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға және Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беруде.