Сарыағаш ауданының энергетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама жүзеге асырыла бастады. Қабланбек ауылдық округі аумағында қуаттылығы 5 мегаватт болатын шағын электр станциясының құрылысы бастау алды. Бұл жоба ауданның энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, өңір экономикасын әртараптандырудың жаңа кезеңіне жол ашады. Аталған жобаны «Ынтымақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қолға алған. Қазіргі таңда, құрылыс алаңына апаратын жол мен көпір құрылысы жүргізілуде. Бұл – нысанға қажетті материалдар мен техника қозғалысын жеңілдетіп, негізгі жұмыстарды уақтылы бастаудың алғашқы кезеңі. Аудан әкімі Арман Абдуллаев нысан басына арнайы барып, құрылыс барысын тексерді. Ол мердігер мен жауапты бөлімдерге жобаны сапалы әрі уақтылы орындау бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, кооператив өкілі Бекжан Қалыбековпен кездесіп, жобаның алдағы жоспарлары мен іске асыру кезеңдерін талқылады. «Энергетика саласы – өңірдің тұрақты дамуының тірегі. Бұл жоба тек электр қуатын өндірумен шектелмейді, ол жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға және жергілікті экономиканы әртараптандыруға үлес қосады», – деді аудан басшысы. Шағын электр станциясының іске қосылуы Сарыағаш ауданының энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, электр энергиясына тәуелділікті азайтуға және жергілікті өндіріс ошақтарының үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға серпін бермек. Сонымен қатар, жоба жасыл экономика мен экологиялық тұрақтылық қағидаттарына сай жүзеге асырылады. Энергия өндіру барысында қоршаған ортаға келетін әсерді барынша азайту және тиімді технологияларды пайдалану көзделген. Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту – Сарыағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының өңірлерді тұрақты энергия көздерімен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, мұндай жобалар елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, жергілікті экономикаға жаңа серпін береді. Аталған 5 мегаваттық станция іске қосылған соң, өңірдің электр энергиясына деген сұранысы едәуір азайып, жергілікті тұтынушылар мен шағын өндірістердің қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік туады. Бұл – Сарыағаш ауданының даму картасында жаңа экономикалық нүкте болып, өңірдің инновациялық және өндірістік әлеуетін арттыратын маңызды жоба болмақ. Сарыағаш – жаңару мен дамудың жаңа дәуіріне қадам басқан аймақ.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
