Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласының тұрғындарымен кездесіп, 2025 жылы атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижелері мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндады. Кездесу барысында алдағы кезеңге арналған жоспарлар талқыланып, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге нақты жауаптар берілді. Сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеліп, жұмыстардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқандығы атап өтілді. 2025 жылы Сарыағаш қаласында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Қала аумағында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, гүлдер мен аршалар егілді, жасыл қоршаулар жаңартылды. Республикалық маңызы бар А-15 автожолы бойына екпе шарбақтар отырғызылды. Шәмші гүлзары маңындағы жатақхана ауласына балалар ойын алаңшасы салынып, құрылыс жұмыстары толық аяқталып пайдалануға берілді. Сонымен қатар жатақхананың кәріз жүйесі мен санитарлық тораптары жаңартылды. Қала аумағындағы 28 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылып, тұрғындар үшін қауіпсіз және ыңғайлы орта қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, Б.Қайсарбеков, Созақ, Т.Көкебаев, Т.Өскенұлы, Х.Саудашов, М.Рүстемов, Б.Мекенбаев, Ә.Мусабекұлы, Қызылорда, Жетісу, Бурабай, Шойтөбе, Жас-Алаш, Тұран, Баласағұн, Мереке, Сауран, Талғар, Нұр-Қыран, Қ.Монтаева, Т.Рысқұлов, Жаңатұрмыс, 9-Мамыр, Келешек, Шу, Медеу, Бәйтерек көшелерінде жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Созақ, Бәйтерек, Майлықожа, Ы.Алтынсарин, М.Мақатаев, Нұр, Шәмші гүлзары, Шымкентбайұлы, Сүткент, Қызылорда, Бөкейхан, Қарқаралы, Ақтөбе, Ә.Мусабеков көшелерінде 14 балалар ойын және спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілді. М.Мақатаев көшесінде воркаут алаңшасының құрылысы аяқталды. Телемұнара, Қазына, Ы.Алтынсарин, С.Мұқанов, Б.Ермеков көшелерінде аяқжолдар салынды, ал А-15 автожолы мен Әйтеке би көшесінің қиылысында қоршау жұмыстары жүргізілді. Қала аумағындағы 2 500 тұрғын үйге QR-кодтар мен аншлагтар орнатылып, жолдар мен көшелердің нөмірленуі мен бағдарлауы жақсарды. А.Омаров және Майлықожа көшелерінде жаңа ауыз су жүйелері тартылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, Сарыағаш ауданында көпбейінді аурухана мен перзентхана құрылысы басталды. Жас буынды дамыту орталығының құрылысы да жүргізілуде. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа білім беру нысандары пайдалануға беріледі. Самал-3 шағын ауданында жаңадан қосылған тұрғын үйлерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 800 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары «Сарыағаш Аман» ЖШС тарапынан жүргізілуде. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтар 6 санат бойынша кезекке тіркелген. 2025 жылы 48 кредиттік пәтер сатып алынған, оларды биыл табыстау жоспарлануда. «Сарыағаш топтастырылған су жүйесі» өндірістік бөлімшесі Б.Ермеков көшесінде 2 961 метр ауыз су құбырын жаңартып, 23 су есептеу жәшігі және 10 құдықша орнатты. Қаланың санитарлық тазалығын сақтау мақсатында әр аптаның сенбі күні мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қатысуымен сенбілік жұмыстары тұрақты түрде өткізілуде. Ал 2026 жылға жоспарланған жұмыстар қатарында Шымкент–Шыназ А-15 автожолы бойын абаттандыру және көгалдандыру, қала аумағында 8 балалар ойын алаңшасы, 1 воркаут және 2 спорт алаңшасын орнату, билбордтар мен баннерлерді орналастыру көзделген. Сонымен қатар, қала көшелерінде жарықтандыру жүйелері толық жаңартылып, сумен жабдықтау жобалары жалғасады.

