Түркістан облысында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – стратегиялық маңызы жоғары «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы. Аталған жоба Сарыағаш ауданының экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына жаңа серпін беретін маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
Жобаның орындалу барысын бақылау мақсатында Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аумаққа барып, теміржол желісінің қазіргі жағдайымен танысты. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы мердігер мекеме өкілдерімен және жауапты мамандармен кездесіп, құрылыс қарқынын арттыру және жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау мәселелерін талқылады.
Қазіргі уақытта жоба аясында аудан аумағында орналасқан «Ердәуіт» теміржол станциясының құрылысы жүргізілуде. Нысанда жер қазу жұмыстары, инженерлік инфрақұрылым желілерін тарту және құрылыс-монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Барлық жұмыстар бекітілген жоба-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылып отыр.
Аталған жобаның тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы. Бұл жоба іске қосылған жағдайда өңірдегі жүк және жолаушы тасымалының тиімділігі артып, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашылады.
Жалпы, «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісінің салынуы Сарыағаш ауданының ғана емес, бүкіл Түркістан облысының көлік-логистикалық жүйесін дамытуға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтуге ықпал ететін стратегиялық маңызды жоба ретінде бағалануда.
