САЙРАМ: ҚАЙНАРБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылдық округінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы ауыл экономикасының нығайып, тұрғындардың әл-ауқатының жақсара түскенін айқын аңғартты.

Есепті кезеңде округтің өзіндік кірістер жоспары 98,2 млн теңге болып бекітілсе, нақты түсім 129,7 млн теңгені құрап, жоспар 132 пайызға орындалды. Бұл – жергілікті кіріс көздерінің кеңейіп, салықтық түсімдердің артқанын білдіреді.

Инвестиция тарту бағытында да айтарлықтай нәтижелер бар. Жылдық жоспар 2 млрд 764,1 млн теңге көлемінде айқындалса, жыл қорытындысымен 3 млрд 74,5 млн теңге инвестиция тартылып, жоспар 111,2 пайызға орындалды. Нәтижесінде 310,4 млн теңге қосымша қаржы тартылып, округ экономикасына жаңа серпін берілді.

Әлеуметтік салада да оң өзгерістер байқалады. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайып келеді. 2025 жылға жоспарланған 73 отбасының орнына нақты 44 отбасы ғана көмек алған. Ал келесі жылға бұл көрсеткіш 36 отбасы болып бекітілді. Бұл тұрғындардың тұрақты табысқа қол жеткізіп, тұрмыс деңгейінің жақсарып келе жатқанын көрсетеді.

Кәсіпкерлік пен аграрлық секторда да даму бар. Округ аумағында жалпы көлемі 9,5 гектарды құрайтын 6 жылыжай жұмыс істейді. Көкөніс бағытындағы жылыжайлардан 135 тонна қияр мен 12 тонна қызанақ өндірілді. Сонымен қатар банан мен лимон өсіру қолға алынған. «GEN group» жылыжайы 100 тонна, жеке кәсіпкер «Шымыр Медет» 20 тонна лимон өнімін өндіріп, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға үлес қосуда.

Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 650 млн теңге бөлініп, 2024 жылы 12 ішкі көше асфальтталды. 2025 жылы тағы 7 көшеге асфальт төселіп, ауыл ішіндегі жол сапасы едәуір жақсарды.

Жалпы алғанда, Қайнарбұлақ ауылдық округінде экономикалық белсенділік артып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, әлеуметтік қолдау шаралары тиімді нәтиже беруде. Алдағы уақытта да округтің тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.