Шымкент қаласы Еңбекші ауданына қарасты Оңтүстік тұрғын алабында тұрғындармен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Кездесу барысында этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм мен кереғар ағымдардың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және жас ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілік мәселелері кеңінен сөз болды.
Іс-шараға қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Б. Жалмұрзаев, қалалық ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Т. Бейсембиев, қалалық дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теологы Н. Аманкелді, Еңбекші ауданы әкімінің аппаратының қызметкері А. Пердеханов, Оңтүстік тұрғын алабының биі З. Жайшыбеков қатысты.
Жиын барысында мемлекеттік этносаясаттың басым бағыттары түсіндіріліп, қоғамдағы бірлік пен өзара сенімді нығайтудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар «Адал азамат» тұжырымдамасы, «Таза Қазақстан» жобасы, «Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстар мен қоғамдық келісімді сақтау тетіктері жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікірлерімен бөлісті.
