Отырар ауданында ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асып, өңір экономикасына тың серпін беруде. Бұл бастамалар ауданның өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына және өмір сапасының жақсаруына тікелей әсер етпек. Аудан экономикасында ерекше маңызға ие жобалардың бірі — «Eliko Snacks» ЖШС-нің сублимациялық кептірілген жемістер өндіру кәсіпорны. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік береді. Кәсіпорын іске қосылған соң 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, тәулігіне 100 келі табиғи өнім өндіру жоспарланып отыр.
Сублимациялық кептіру – жеміс-жидектің дәрумендік қасиетін сақтай отырып, ұзақ мерзімге жарамды экологиялық таза өнім дайындауға мүмкіндік беретін заманауи әдіс. Осы технология арқылы өндірілген өнімдер тек ішкі нарыққа емес, шетелге де экспортталмақ. Бұл – отандық брендтің халықаралық деңгейде танылуына жол ашатын маңызды қадам. Сонымен қатар, Ақтөбе ауылдық округінде 5000 басқа арналған ірі мал бордақылау алаңының құрылысы қарқынды жүруде. 100 гектар аумақты қамтитын бұл жоба іске қосылған соң, ет өндірісінің көлемі айтарлықтай өсіп, аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Кешенде малды күтіп-бағу, жем-шөп дайындау және етті алғашқы өңдеу процестері толық қамтылатын болады. Бұл өз кезегінде ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға елеулі үлес қосады. Аудан әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан мұндай бастамалар ауыл шаруашылығын жаңғыртуға, өндірісті әртараптандыруға және жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық қолдау тетіктері арқасында кәсіпкерлер жаңа жобаларды батыл қолға алып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келеді.Басты мақсат – жергілікті экономиканы тұрақты дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту және ауылдық жерлердің әлеуетін арттыру. Осылайша, Отырар ауданы ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңіне аяқ басып, өнім өндіру мен өңдеу саласында жаңа серпін қалыптастырып отыр. Алдағы уақытта мұндай инвестициялық жобалар саны артып, ауданның экономикалық өрлеу бағыты одан әрі дами түспек.
