ОРДАБАСЫДА МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВ ЕСЕБІНЕН ЖАҢА ӨНЕР МЕКТЕБІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында музыкалық бағыттағы жаңа Өнер мектебі өз есігін ашты. Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков және облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, оқушылар мен ұстаздарды, сондай-ақ ауыл тұрғындарын құттықтады.

Зұлпыхар Жолдасов өз сөзінде бұл жоба ауданның рухани дамуына, жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Өнер мектебі мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып, 870 миллион теңгеден астам қаражат халық игілігіне бағытталған. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қайтарылған әрбір актив ел игілігіне жұмсалуы керек» деген ұстанымының нақты жүзеге асуы.

Құрылыс 2025 жылдың сәуір айында басталып, желтоқсан айында толық аяқталды. 300 орындық мектепте балалар музыкалық білім алу, шығармашылығын шыңдау мүмкіндігіне ие болды. Ғимаратта мәдени іс-шараларды өткізуге арналған 150 орындық зал, кітапхана, топтық жаттығу бөлмелері, ұлттық аспаптар, гитара және фортепиано сабақтарына арналған кабинеттер, музыкалық аспаптар бөлмесі бар. Екінші қабатта дыбыс жазу студиясы, хор үйірмесі, музыкалық үйірмелер, халық аспаптары бөлмесі, сахна және сахналық жабдықтар қоймасы орналасқан.

Жаңа мектеп ескі 1974 жылы салынған, санитарлық талаптарға сай келмейтін және апатты жағдайда тұрған ғимараттың орнын алмастырды. Бұрынғы мектепте 400-ден астам бала білім алып, бұл оның жобалық қуатынан 2-3 есе асып кеткен еді. Ал 45 мұғалім тар, суық және ескірген бөлмелерде жұмыс істеген. Қазіргі уақытта бұл мәселе толық шешілді.

Темірландағы жаңа музыка мектебі ауылдың мәдени өмірін жаңғыртып, жаңа таланттардың өсуіне жол ашатын маңызды жобаға айналды. Балалар енді заманауи студияларда, кең әрі жарық кабинеттерде музыка мен хореографияны меңгеріп, шығармашылық қабілеттерін еркін дамыта алады. Бұл – мемлекетке қайтарылған активтердің қоғам үшін нақты пайдаға айналуының жарқын мысалы.

Айта кету керек, елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат жүздеген әлеуметтік нысанның құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына бағытталып келеді. Түркістан облысында осы қор арқылы 30-ға жуық нысан мен жоба қаржыландырылуда, оның ішінде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, медициналық нысандарды күрделі жөндеуден өткізу және өзге де әлеуметтік жобалар бар.