Түркістан облысында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның айқын дәлелі – Ордабасы ауданындағы ауылдарды кезең-кезеңімен табиғи газбен қамту жұмыстарының нәтижелі жүзеге асуы.
Бүгін Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылдық округінде табиғи газ желісі іске қосылып, Мәдениет, Жұлдыз, Ынтымақ және Жаңатұрмыс елді мекендерінің тұрғындары көптен күткен «көгілдір отынға» қол жеткізді. Нәтижесінде 150-ге жуық абоненттің тұрмысы жеңілдеп, ауыл халқы үшін қолайлы өмір сүру жағдайы қалыптасты.
Газдандыру нысанының іске қосылуына арналған салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, тұрғындарды маңызды әлеуметтік жобаның жүзеге асуымен құттықтады. Өз сөзінде ол ауылдарды табиғи газбен қамту Мемлекет басшысының халықты сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі екенін атап өтті. Сонымен қатар көгілдір отынның экологиялық тұрғыдан тиімділігі мен ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына берер серпініне тоқталды.
Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалдары, қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар жиналып, ел игілігіне бағытталған жобаның куәсі болды. Тұрғындар ауыл өмірінің сапасын арттырған инфрақұрылымдық бастама үшін жергілікті және облыстық билікке ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, бүгінде Ордабасы ауданы бойынша 42 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Нәтижесінде ауданның газдандыру деңгейі 73,6 пайызға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш өңірдегі инфрақұрылымдық дамудың қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді.
Ал халық тығыз орналасқан Шұбарсу елді мекенін толық табиғи газбен қамту мәселесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда жоба 4 кезең бойынша іске асырылып жатыр. Жоспарға сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін Шұбарсу ауылының барлық тұрғындары көгілдір отын игілігін көреді деп күтілуде.
Сонымен қатар Бадам, Дербес, Ақбұлақ, Қалаш және Дихан елді мекендерін газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда Ордабасы ауданындағы елді мекендерді табиғи газбен қамту деңгейі одан әрі артып, тұрғындардың өмір сапасы едәуір жақсарады. Аталған жұмыстар Түркістан облысының инфрақұрылымын дамыту, ауыл-аймақтардың әлеуетін арттыру және халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы нақты қадамдардың бірі болып отыр.

