МАҚТААРАЛДА МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, әсіресе мақта кластерін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мақтаарал ауданына жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар ірі өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, саланың бүгінгі ахуалы мен болашақ жоспарларын зерделеді.

Аймақ басшысы алдымен «Cotton Makta» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақта шикізатын өңдеу зауытында болып, өндірістік үдерістерді көрді. Аталған кәсіпорын 2016 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. 2023 жылы зауыт өндірістік қуатын арттыру мақсатында Қытай Халық Республикасынан жеткізілген заманауи құрал-жабдықтармен толықтай жаңғыртылған. Бүгінде зауыттың жылдық қуаттылығы 90 мың тоннаға жуықтайды. Мұнда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал маусымдық кезеңде қосымша 250 адамға дейін жұмыс орны ашылады. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 3 млрд теңге.

Биыл кәсіпорын 57 мың тонна мақта шикізатын қабылдап, мақта өсірумен айналысатын 800-ден астам шаруа қожалығымен келісімшарт жасасқан. Шикізаттың бір келісі сорттық ерекшелігіне қарай 250–270 теңге аралығында бағаланған. Маусым барысында 11 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп, барлық шаруалармен толық есеп айырысу жүргізілген. Қазіргі таңда 13 мың тонна мақта талшығы өңделіп, дайын өнімнің 80 пайызы Қытай Халық Республикасына, ал қалған бөлігі Түркия еліне экспортталуда. Бұл – өңір өнімінің сыртқы нарықтағы сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Сапар барысында облыс әкімі «Хамро ата» ЖШС-ның мақта майын өңдеу зауытының құрылыс барысымен де танысты. Қазіргі таңда нысанның құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Өндіріс үшін қажетті барлық құрал-жабдықтар Қытай Халық Республикасынан толық көлемде сатып алынған. Жоба толық іске асқан жағдайда кәсіпорын жылына 5 мың тонна мақта майын өндіруге мүмкіндік алады. Инвестиция көлемі 1 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталып, зауытты пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған.

Нұралхан Көшеров кәсіпорын басшыларына, салалық басқарма мен аудан әкімдігіне өндірісті әртараптандыру, қосымша жұмыс орындарын ашу, дайын өнім экспортын ұлғайту бағытында нақты тапсырмалар берді. Аймақ басшысы мақта кластерін дамыту – Түркістан облысының экономикасын нығайтудың, ауыл тұрғындарының табысын арттырудың және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтудің маңызды тетігі екенін атап өтті.

Жалпы, Түркістан облысында мақта өсіруден бастап, оны терең өңдеп, дайын өнім шығару мен экспорттауға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға басымдық берілуде. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, Түркістан облысының дамуы жолындағы стратегиялық мақсаттарды іске асыруға қызмет ететін болады.