Түркістан облысында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, елді мекендердің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өңірде мемлекеттік бағдарламалар аясында халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және тұрғын үймен қамтамасыз етуге басымдық берілуде.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі Мақтаарал ауданында жүзеге асырылуда. Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдауси ауылында заманауи талаптарға сай салынған жаңа әкімшілік ғимарат пайдалануға беріліп, ауылдық округ әкімдігі өз жұмысын жаңа нысанда бастады. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, тұрғындарды қабылдау және әлеуметтік мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.
Жалпы аумағы 24,78 сотық жерді алып жатқан әкімшілік ғимаратта тоғыз қызметтік кабинет, мәжіліс залы, азаматтарды қабылдау бөлмесі және санитарлық торап қарастырылған. Сонымен қатар нысан табиғи газ, электр энергиясы мен кәріз жүйесіне толық қосылып, барлық қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Өңірдегі тұрғын үй құрылысы да қарқынды дамып келеді. Фирдауси ауылында 100 пәтерлі 50 тұрғын үйден тұратын жаңа тұрғын үй кешені қалыптасуда. Жалпы аумағы 63 шаршы метрді құрайтын әрбір тұрғын үй 7 сотық жер телімінде орналасқан. Баспаналар орталықтандырылған ауыз су, табиғи газ, электр энергиясы және сапалы автомобиль жолы секілді негізгі инженерлік-коммуникациялық желілермен толық қамтылған.
Қазіргі уақытта тұрғын үй кешені орналасқан аумақта абаттандыру және жол инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Бұл жаңа шағынауданда жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және елді мекеннің сәулеттік келбетін жаңғыртуға ықпал етеді.
Түркістан облысында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды кешенді дамытуға бағытталған мұндай жобалар өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімінің маңызды тетігіне айналуда. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасының артуы, жаңа тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі және инженерлік желілердің кеңеюі халықтың әл-ауқатын жақсартып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастырумен қатар өңірдің инвестициялық және әлеуметтік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

