Түркістан облысы Мақтаарал ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар аясында аудан аумағындағы 64-ші ауыл көгілдір отынға қосылып, нәтижесінде газдандыру деңгейі 94,1 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш – өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты жемісі.
Аталған қуанышты оқиғаға орай Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жантақсай ауылында тұрғындармен кездесу өтті. Ауыл халқымен жүздесу үшін аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы барып, тұрғындарды көптен күткен жаңалықпен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде Жантақсай ауылын табиғи газбен қамту – әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтіп, бұл бастама ауыл халқының тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық жағдайдың жақсаруына және әлеуметтік әл-ауқаттың артуына ықпал ететінін айтты.
Кездесу барысында аудан әкімі биыл Мақтаарал ауданын толықтай табиғи газбен қамту жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, газдандыру жұмыстары облыстық және республикалық бағдарламалар аясында жүзеге асырылып, барлық елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету – аудан үшін басым бағыт болып қала береді.
Жантақсай ауылының тұрғындары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдіріп, табиғи газдың іске қосылуы күнделікті тұрмысқа үлкен жеңілдік әкелгенін атап өтті. Көгілдір отынның қолжетімді болуы отын шығынын азайтып, тұрғындардың өмір сапасын арттырумен қатар, қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың азаюына да оң әсерін тигізеді.
Сонымен қатар қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен газ инспекциясының мамандары ауыл тұрғындарымен жеке-жеке кездесіп, әрбір үйді аралау арқылы газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Жалпы алғанда, Мақтаарал ауданындағы газдандыру жұмыстары Түркістан облысының инфрақұрылымдық дамуына серпін беріп, ауыл тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

