Кентау қаласына қарасты халқы тығыз орналасқан Қарнақ ауылы мен Құсшы ата елді мекенін тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында маңызды жоба іске асырылды. Атап айтқанда, ПС «Атабай» 35/10 кВ қосалқы станциясына қуаттылығы 6300 кВА болатын жаңа трансформатор орнатылды.
Жаңа трансформатордың іске қосылуы өңірдегі электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Аталған қосалқы станция арқылы бүгінгі таңда 3 765 абонент электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 295 кәсіпкерлік нысан бар. Бұл – шағын және орта бизнестің үздіксіз жұмыс істеуіне, өндірістік және қызмет көрсету салаларының дамуына тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіш.
Мамандардың айтуынша, жаңа қуат көзі электр желілеріне түсетін жүктемені айтарлықтай азайтып, әсіресе жазғы және қысқы маусымдарда жиі кездесетін қуат тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, электрмен қамтудың сапасы мен тұрақтылығы артып, тұрғындар үшін қолайлы тұрмыстық жағдай қалыптасады.
Бұл қосалқы станциядан Қарнақ ауылы мен Құсшы ата елді мекені толықтай электр қуатын алады. Жаңғырту жұмыстары тек тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартып қана қоймай, кәсіпкерлік субъектілердің, әлеуметтік нысандардың және өндірістік объектілердің тұрақты жұмыс істеуіне де оң ықпалын тигізіп отыр.
Жалпы, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудағы негізгі басымдықтардың бірі. Алдағы уақытта да Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендерде электр желілерін жаңарту, қуат көздерін күшейту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады. Бұл өз кезегінде аймақтың тұрақты дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болмақ.

