КЕЛЕС АУДАНЫНДА СУ ТАПШЫЛЫҒЫН ШЕШУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ЖОБАЛАР ІСКЕ АСУДА

Келес ауданында халықтың тұрмыс сапасын арттыру және өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ауыз су инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған ірі жобалар қолға алынуда. Бұл бастамалар елді мекендерді таза ауыз сумен үздіксіз қамту арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді. Атап айтқанда, ауданда екі ірі ауыз су қоймасының құрылысы жоспарланып отыр. Оның бірі — Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 гектар аумаққа орналасатын, сыйымдылығы 20 000 м³ болатын су қоймасы. Екіншісі — Біртілек ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде 1 гектар жерде 600 м³ су сақтайтын қойма. Бұл нысандардың іске қосылуы өңір халқының тұрмыс жағдайын едәуір жақсартып, экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуетін арттырады. Жобалар «Түркістан облысы Келес ауданы елді мекендері үшін су жинау имараты мен жеткізуші су құбырларының құрылысы» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Құрылыс аяқталған соң, Абай ауылы мен оған іргелес екі ауылдық округтің 25 мыңнан астам тұрғыны тәулік бойы таза ауыз сумен үздіксіз қамтылатын болады. Бұл — халықтың әлеуметтік жағдайына ғана емес, ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерліктің тұрақты дамуына да оң әсер ететін қадам.Бүгінде Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 64-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған, бұл жалпы халықтың 88,4 пайызын құрайды. Қалған ауылдарда мәселені кезең-кезеңімен шешу жоспары бар. Қазіргі таңда 14 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жаз айларында су тұтыну көлемі артатын кезеңде, аудан әкімдігі тарапынан тұрғындарға қолдау ретінде ауыз су арнайы кесте бойынша тасымалданып жеткізіледі. Сонымен қатар, 4-аумақтағы су тазартатын модульді құрылғылар толық жөндеуден өткізіліп, қайта іске қосылған. Алдағы уақытта қосымша екі нүктеде жаңа су тазарту модульдері орнатылады. Бұл жобалар — өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, халықтың денсаулығын сақтаудың және ауыл экономикасын тұрақтандырудың нақты тетігі. Ауыз су инфрақұрылымының дамуы тек әлеуметтік қолайлылықты ғана емес, экономикалық өсімнің де негізгі факторы болып отыр. Су ресурстарына қолжетімділіктің артуы ауыл шаруашылығы саласында өнімділікті арттырып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік береді.Келестегі ауыз су жүйесін жаңғырту — өңірдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігі. Бұл бастама тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға және ауданның экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған нақты қадам болып табылады.