Түркістан облысының Келес ауданында ауыр атлетикадан жаңа жаттығу залы пайдалануға берілді. «Keles» спорттық-сауықтыру кешенінің базасында ашылған нысан жасөспірімдер мен жастардың кәсіби деңгейде спортпен айналысуына толық мүмкіндік береді.
Жаттығу залы заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Айта кетерлігі, барлық спорттық жабдықтар Келес ауданының тумасы, Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының вице-президенті Самат Ергешбаевтың демеушілігімен алынған. Бұл жоба ауыл тұрғындары мен ата-аналардың бұған дейін көтерген ұсыныстары негізінде жүзеге асырылып отыр.
Салтанатты ашылу рәсіміне Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының президенті Алмасхан Жамбаев, федерацияның вице-президенттері, сондай-ақ ауыр атлетикадан әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл мен 2024 жылы Манама қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Нұрғиса Әділетұлы қатысты.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жаңа спорт нысанының жастар үшін маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Ауыр атлетика – үлкен тәртіпті, табандылық пен ерік-жігерді талап ететін спорт түрі. Бұл зал – ауыл балалары үшін зор мүмкіндік. Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Басты мақсатымыз – жастарды салауатты өмір салтына баулу, олардың қабілетін ерте анықтап, кәсіби спортқа бағыттау, – деді аудан басшысы демеушілік жасаған азаматқа алғысын білдіріп.
Өз кезегінде Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының президенті Алмасхан Жамбаев биыл Келес ауданымен қатар Ленгір, Түлкібас және Созақ аудандарында да ауыр атлетика залдары ашылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін Түркістан қаласы, Шымкент қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы облыстық мектеп-интернат, Арыс қаласы мен Шардара ауданында 100-ден астам спортшы тұрақты түрде жаттықса, енді бұл көрсеткіш едәуір артады.
Жалпы, 2025 жылы Түркістан облысының ауыр атлеттері тек Қазақстан Республикасының чемпионаттарында ғана емес, Азия және әлем чемпионаттарында да жоғары нәтижелер көрсетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, шілде айында алғаш рет Түркістан қаласында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізіліп, еліміздің барлық өңірлерінен келген үздік спортшылар бақ сынамақ.

