КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ ӨНДІРІС АШЫЛЫП, ӨҢІРЛІК ДАМУ КҮШЕЙЕДІ

Түркістан облысының Келес ауданында өңір экономикасына серпін беретін ірі инвестициялық жоба іске асуға жақын. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек, Әлішер Сатыбалдиев және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев Жүзімдік елді мекенінде салынып жатқан минералды су зауытының құрылыс барысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында халық қалаулыларына жобаның қазіргі ахуалы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жан-жақты таныстырылды. Қазіргі таңда зауыттың құрылыс жұмыстары толық аяқталып, заманауи технологиялық жабдықтар жеткізілген. Бүгінде құрал-жабдықтарды монтаждау және іске қосу алдындағы соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Депутаттар бұл өндіріс орнының өңір үшін стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. Олардың айтуынша, мұндай жобалар Келес ауданының ғана емес, жалпы Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканы дамытуға оң әсер етеді.

Жоба аясында «SunDala» брендімен минералды су мен лимонадтық сусындар өндірісі жолға қойылады. Инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды. Зауыт толық іске қосылған жағдайда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өндірілетін өнімдер ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталмақ. Бұл өз кезегінде өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында инвесторлар өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында қойма салу үшін қосымша жер телімінің қажеттігін жеткізді. Аталған мәселе бойынша Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Сапар соңында Сенат пен Мәжіліс депутаттары жобаның уақытылы әрі сапалы іске асуына сәттілік тілеп, мемлекеттік деңгейде қажетті қолдау көрсету мәселелері назарда болатынын жеткізді. Айта кету керек, бұл жоба өңірде өндірісті дамыту, экономиканы әртараптандыру және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.