КЕЛЕС АУДАНЫ: 51,5 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 7 ІРІ АГРАРЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Түркістан облысының Келес ауданы – табиғаты мен егіншілігі үйлескен нағыз аграрлық өңір. Сулы Келес пен Құр Келес өзендерінің арасындағы құнарлы топырақ «шыбық қадасаң, тал болады» деген сөзге дәл келеді. Мұнда тек жер ғана емес, сол жердің қадірін білетін еңбекқор тұрғындар да көп.

Келестік диқандар ерте көктемнен бастап жер-ананы баптап, қар түскенше маңдай терін төгеді. Соның арқасында ашық алқаптарда жылына үш өнім алу тәжірибесі қалыптасқан. Бұл – ауданның ауыл шаруашылығындағы әлеуетінің айқын дәлелі.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп, жалпы құны 51,5 млрд теңгеге 7 ірі жобаны іске асыруда. Жобалар 1 467 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп, ауданның экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, ауыл тұрғындарына жаңа табыс көзін ашады.

Ең ауқымды жобалардың бірі – «Ecoculture-Eurasia» ЖШС жүзеге асырып отырған заманауи жылыжай кешені. Жалпы аумағы 500 гектарды құрайтын жобаның алғашқы кезеңінде 50 гектар игерілуде. 42 млрд теңге инвестициясы бар жоба 1 337 адамға тұрақты жұмыс ұсынады. 2025 жылы-ақ жобаның 6,25 гектары пайдалануға берілді. Жоба Ақтөбе ауылдық округінде орналасқан.

Ауданның басқа елді мекендерінде де ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда. Ошақты ауылдық округінде «EcoPaulownia KZ» ЖШС 100 гектар аумақта павлония көшеттерін отырғызып, 500 млн теңгелік инвестиция тартады. Бұл бастама 30 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Мал шаруашылығы да Келесте қарқынды дамып келеді. Қошқарата ауылдық округінде «Абдималиков Мейіржан» шаруа қожалығы 15 000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр. 8 млрд теңгелік жоба 2026 жылы іске асырылып, 30 адам жұмыспен қамтылады.

Бау-бақша және жүзім шаруашылығында да тың бастамалар бар. Біртілек ауылдық округінде «Умаров» шаруа қожалығы 12 гектар аумаққа шабдалы бауын отырғызуда. 200 млн теңге көлеміндегі жоба 10 адамға жұмыс береді. Сол округте жеке кәсіпкер «Абдиев» жүзім шаруашылығын дамытып, 3,2 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр, нәтижесінде 20 жаңа жұмыс орны ашылады.

Алпамыс батыр ауылдық округінде АӨК «Ер-Тайыр» 67 гектар аумақта жүзім бауын дамытуды қолға алды. 400 млн теңгелік жоба 2025–2026 жылдары жүзеге асып, 30 адамды жұмыспен қамтуды көздейді. Сонымен қатар, Ақтөбе ауылдық округінде «Бозсу» шаруа қожалығы балық шаруашылығын дамытып, 200 млн теңге көлемінде инвестиция тартып, 10 адамға тұрақты жұмыс ұсынады.

Берекелі жері мен еңбекқор халқы бар Келес ауданы бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын дамыту арқылы жаңа белестерді бағындыруда. Іске асырылып жатқан жобалар – өңір экономикасының тірегі ғана емес, ауылдың болашағына бағытталған нақты қадам. Келес – аграрлық әлеуеті зор, дамуға даңғыл жол ашқан өңір.