Түркістан облысында инфрақұрылымдық және коммуналдық саланы дамыту бағытында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы өңір бойынша жалпы 220 нысанның құрылысы қолға алынған. Оның 121-і биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде құрылыс қарқыны мен сапасы ерекше назарға алынды. Әкім жауапты тұлғаларға жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, нысандарды мерзімінде және сапалы аяқтауды тапсырды. Биыл ауыз сумен қамту бағытында 66 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 38-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 30 елді мекеннің 30,8 мың тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ, кәріз жүйелерін дамыту бойынша 16 жоба іске асырылып, жыл соңына дейін оның 10-ы аяқталады. Газдандыру саласында 80 нысанның құрылысына қаржы бөлінген. 2025 жыл қорытындысымен 43 елді мекеннің 73 мың тұрғыны «көгілдір отынға» қосылып, газбен қамту деңгейі 75,1%-ға жетпек. Электрмен қамту бойынша да оң динамика байқалады — 47 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 17-сі аяқталып, 14 елді мекен сапалы электр қуатына қосылды. Жылумен қамту бағытында Кентау қаласында жылу орталығы жаңғыртылып, 8 қазандыққа автоматтандырылған басқару жүйесі орнатылды. Бұл электр қуатын өндіруді 5 МВт-тан 10 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жол инфрақұрылымын дамыту қарқын алған. Биыл облыс аумағында 1241 шақырымнан астам жол мен көшеге жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 951 шақырымы биыл пайдалануға беріледі. Нәтижесінде өңірдегі жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 94,7%-ға жетеді. Бұл жұмыстар Түркістан облысының экономикалық және инвестициялық дамуына тікелей серпін беріп отыр. Инфрақұрылымның сапалы жаңаруы – жаңа өндіріс орындарының ашылуына, бизнес әлеуетінің артуына және халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруына ықпал етпек.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
