Жетісай ауданында халыққа қызмет көрсететін жаңа мәдени нысан – Атақоныс елді мекеніндегі мәдениет үйі ресми түрде пайдалануға берілді.
Мәдениет үйі алғаш 1957 жылы қолданысқа берілген, ал 2014 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Биылғы жылдың мамыр айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары 0,9346 шаршы метр аумақты қамтып, жалпы құны 342 млн 805 мың теңге болып, «Намыс» ЖШС мердігер мекемесінің өндірістік кестеге сәйкес уақытылы аяқтауымен ел игілігіне тапсырылды. Жаңартылған кешенде мәдениет үйінің қызметкерлерімен қатар ауылдық кітапхана, спорттың бірнеше түрінен үйірмелер жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, қолөнер бұйымдары, кітап және сурет көрмелері тұрғындар назарына ұсынылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, еңбек ардагерлері, жергілікті тұрғындар, құқық қорғау органдарының өкілдері, мәслихат депутаттары, БАҚ пен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов өз сөзінде:
«Бұл нысан – елдің мәдени өмірін дамытуға, жастар мен тұрғындардың шығармашылық әлеуетін арттыруға арналған маңызды бастама. Мәдениет үйі тұрғындарға білім беру, спорттық және шығармашылық үйірмелерге қатысу мүмкіндігін береді. Бұл – ауданымыздың әлеуметтік-мәдени дамуына қосылған нақты үлес» – деді.
Мерекелік іс-шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, мәдениет үйінде концерттік бағдарлама өткізілді. Аудан өнерпаздарының өнер көрсетуі арқылы тұрғындар көтеріңкі көңіл-күйге бөленіп, мәдени шараға белсенді қатысты.
Жаңартылған мәдениет үйі тек өнер мен шығармашылықты дамытуға емес, сондай-ақ тұрғындардың демалыс мәдениетін көтеруге, ауыл жастарын білім мен спортқа тартуға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік нысан ретінде аудан өміріне қосылған құнды бастама болып отыр.
