Түркістан облысында шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Соның айқын көрінісі ретінде Жетісай қаласында темір сымнан қоршау тоқитын жаңа өндірістік цехтың іске қосылуын атап өтуге болады. Бұл жоба өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да мүмкіндік беріп отыр.
Жетісай ауданында кәсіпкерлікті қолдау мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар тұрақты түрде іске асырылуда. Осы мақсатта аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов қала аумағындағы өндіріс орындарының жұмыс барысымен танысып, «Жасурбек строй» шағын цехына барды.
Аталған кәсіпорын 2026 жылдың наурыз айында жеке кәсіпкердің инвестициялық қаражаты есебінен іске қосылған. Цех темір сымнан тоқылған қоршаулар өндірісімен айналысады. Өндірістің тәуліктік қуаттылығы 1500 погонометрді құрайды. Шикізат Шымкент қаласынан жеткізіледі. Бүгінде кәсіпорында 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Қазіргі таңда цех жергілікті тұрғындар мен құрылыс компанияларының тапсырысына сәйкес өнім шығарып отыр. Кәсіпорын басшысы Жасурбек Сабиров алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, кәсіп аясын кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтады. Сондай-ақ ол жеңілдетілген мемлекеттік несиелеу бағдарламаларына қатысуға ниетті екенін жеткізді.
Кездесу барысында аудан әкімі кәсіпкерге өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері, инфрақұрылымды жетілдіру, қаржыландыру мүмкіндіктері және кәсіпкерлік саласындағы жеңілдіктер туралы жан-жақты түсіндіріп, пікір алмасты.
Мұндай өндіріс орындарының ашылуы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және жергілікті өндірістің дамуына серпін бермек.
