Түркістан облысында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі өңір дамуының негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырылуда. Бұл бағыттағы кешенді жұмыстар Жетісай ауданында да қарқынды жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.
Бүгінгі таңда Жетісай ауданындағы 105 елді мекеннің 92-сі табиғи газға қосылып, газдандыру деңгейі 87,7 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш тұрғындар үшін қолайлы тұрмыстық жағдай қалыптастыруға, ауылдық аумақтардың әлеуметтік әлеуетін арттыруға және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың айқын көрінісі болып табылады.
Инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жоспарлар аясында Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа ауыл елді мекені көгілдір отынға қосылды. Газ беру рәсіміне Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, QazaqGaz Aimaq АҚ Түркістан өндірістік филиалына қарасты Жетісай газ шаруашылығының директоры Бақтыбай Акеев, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды инфрақұрылымдық жаңалықпен құттықтады.
Аталған елді мекенде тұратын 2 460 тұрғын бұған дейін жылу үшін қатты отынды пайдаланып келген болса, енді табиғи газды еркін тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрмыстық шығындарын азайтып қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға және қауіпсіздікті күшейтуге оң әсерін тигізеді.
Газдандыру жұмыстарының қарқынды жүргізілуі нәтижесінде өткен жылы Жетісай ауданында 4 елді мекен табиғи газға қосылса, биыл жыл басынан бері 13-ші елді мекенге көгілдір отын берілді. Жыл соңына дейін тағы 7 елді мекенді газбен қамту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 3 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, ал 10 елді мекенге газ жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Шара барысында газ инспекциясы өкілдері тұрғындарға газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалану талаптарын түсіндіріп, арнайы жаднамалар таратты. Бұл тұрмыстық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған маңызды қадам саналады. Жалпы алғанда, Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан газдандыру жобалары Түркістан облысында инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған кешенді саясаттың нақты нәтижесін көрсетіп, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға серпін беруде.
