ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАР АРҚЫЛЫ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ҚҰРЫЛУДА

Жетісай ауданында 2026 жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту картасын талқылауға арналған жиын Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары мен сала басшылары қатысып, аудандық «Мансап» орталығының директоры Олжас Қаныбеков алдағы жобалар мен құрылатын жаңа жұмыс орындары жайлы жан-жақты баяндама жасады.

Баяндамашының мәліметінше, «2024–2029 жылдарға арналған жұмыспен қамтуды дамыту тұжырымдамасы» аясында 2026 жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілген. Ұлттық жоба шеңберінде барлығы 19 жобаның іске асырылуы жоспарланып, 140 азамат жаңа жұмыс орындарымен қамтылатын болады. Оның ішінде 7 инвестициялық жоба арқылы 64 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылады.

«2030 жылға дейінгі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту» тұжырымдамасы аясында ПВХ құбырларын өндіретін «Altyn Kun Group» ЖШС, «Бірлік-Е» мақта және шикі мақтаны өңдеу зауыты, «TST Jetysai Textile» жіп иіру фабрикасы мен тамшылатып суғару жүйелерін шығаратын кәсіпорындары сияқты өндірістік және әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар, жеке инвесторлар есебінен құрылысы жүргізілетін мектеп пен ойын-сауық орталықтарында жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылмақ.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бағытында 9 жобаны іске асырып, 56 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл жұмыстар аясында ауданның бірқатар елді мекендерінде электр желілерін салу, газ құбырларын жүргізу, кәріз жүйелерін кеңейту және Жетісай қаласында жаңа буынды дамыту орталығын салу жоспарланып отыр. Аталған жобалар өңірдің инженерлік инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар, ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы аясында Асықата кентіндегі индустриялық аймақты электр және газбен жабдықтау, Жылы су ауылдық округінде мәдениет үйі мен кітапхана ғимаратын салу жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жобалар нәтижесінде 20 азамат жаңа жұмыс орындарына орналастырылады.

Жиын соңында Серік Үсенұлы жұмыспен қамтуды арттыру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап, жауапты сала басшыларына барлық жобалардың мерзімінде және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, ашылатын жұмыс орындарының тұрақтылығына ерекше назар аударуды тапсырды.