ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ: АҚЖОЛ КӨШЕСІНДЕ ЗАМАНАУИ АЛЛЕЯ САЛЫНУДА

Түркістан облысында елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған орай Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Жылы су ауылдық округіне қарасты Жылы су елді мекенінде болып, Ақжол көшесінде жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.

Аталған жоба ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын күшейтуге және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады. Жобаның жалпы құны 108,9 млн теңгені құрап, жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылуда.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын «DorStroyGroup» ЖШС мердігер ұйымы жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта нысанда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Жоба аясында Ақжол көшесінің бойында тұрғындардың демалуына және бос уақытын тиімді өткізуіне арналған заманауи аллея қалыптастырылуда. Бұл өз кезегінде ауыл келбетін жақсартып қана қоймай, елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да серпін береді.

Алғашқы жоспарға сәйкес нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген болатын. Дегенмен мердігер мекеменің қарқынды жұмысының нәтижесінде аллеяны мамыр айында тұрғындар игілігіне тапсыру жоспарланып отыр.

Сапар барысында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов инфрақұрылымдық жобалардың маңыздылығына тоқталып, мұндай бастамалар елді мекендердің көркеюіне, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасына ерекше мән беруді, пайдаланылатын материалдардың талапқа сай болуын және жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды қатаң тапсырды.

Бұл бастама Жетісай ауданында ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы нақты жұмыстардың жалғасы болып табылады.