Бүгін Астана қаласындағы Достық үйі ғимаратында этномәдени бірлестіктердің «Жаңа Конституция – әділетті және прогрессивті Қазақстанның берік негізі» тақырыбындағы жалпыреспубликалық форумы өтті.

Форумды Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде Конституциялық реформалардың тарихи маңызына тоқталып, қоғамның барлық өкілдерін алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Шараға Шымкент қаласының Достық үйі алаңынан онлайн форматта қалалық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өкілдері, құрылым басшылары және жастар қатысты.

Форум барысында Ассамблея активі қоғаммен ашық диалогты жалғастыруға және ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге дайын екенін растады.
«Жаңа Конституция – бұл еліміздің кемелденген мемлекеттілігінің көрінісі. Біз әділеттілік қағидатын нақты мазмұнмен толықтырып, әр азаматтың құқығы мен мүмкіндігін қорғауды күшейтеміз. Алдағы референдум – тарихи таңдау. Әрқайсымыздың дауысымыз Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайды», – деді Ассамблея Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.
Айта кету керек, Конституция жобасы кең әрі ашық қоғамдық талқылау нәтижесінде әзірленді. Азаматтардың ұсыныстары мен сарапшылар пікірлері ескеріліп, халықтың тікелей қатысуымен қалыптастырылды.

