Ж.ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университетте «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» тақырыбында Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті.

Іс-шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, қоғам және ғылым қайраткерлері, құқық саласының өкілдері мен студент жастар қатысты. Жиынды университеттің басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев жүргізді.

Талқылау барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттер мен басым бағыттар, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына ықпалы, жоғары білім мен ғылымды жетілдіру мәселелері кеңінен сөз болды.

Атап айтқанда, университет ректоры, заң ғылымдарының кандидаты Жанар Рысбекова жоғары білім мен ғылымды дамытудың стратегиялық басымдықтарына тоқталды. Ал ҚР еңбек сіңірген қайраткер-заңгері, заң ғылымдарының докторы, «Құқық» кафедрасының профессоры Бекет Тұрғараев құқық үстемдігі мен «Заң және тәртіп» қағидатының әділетті қоғам қалыптастырудағы рөлін түсіндірді.

Сонымен қатар Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Әбдез Иманқұлов «Жаңа қоғамдық әдеп: күнделікті өмірдегі конституциялық құндылықтар» тақырыбында баяндама жасап, қоғамдық келісімді нығайту, азаматтық жауапкершілік пен өзара құрмет қағидаттарының маңыздылығын атап өтті.

Жиын аясында «Тәуелсіздікке – 35 жыл» тақырыбына да ерекше назар аударылды. Ел дамуының жаңа кезеңіндегі ұлттық құндылықтар, қоғамдық жауапкершілік пен азаматтық ұстаным мәселелері талқыланды.

Кездесудің маңызды бөлігінде студент жастардың үнқосуы ұйымдастырылды. «Жаңа Қазақстан: жастардың идеясы – елдің ертеңі» тақырыбында университеттің 3-курс студенті, Студенттік құрылтай ұйымының төрағасы әрі студенттік ректор Айнұр Базарбай жастардың азаматтық көзқарасы мен ел болашағына қатысты бастамаларын ортаға салды.

Жиын қорытындысында Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда білім мен ғылымның, құқықтық мәдениеттің, қоғамдық келісім мен азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ ашық пікір алмасу арқылы жастардың ел дамуына қатысты қоғамдық үдерістерге белсенді араласуының маңызы сөз болды.