Шымкент қаласындағы Достық үйінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым бағыттарды түсіндіру мақсатында этнос өкілдерімен кездесу өтті.

Жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Е.Ж. Тұяқбаев, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Б.Р. Парманов, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Ә.Р. Иманқұлов және ҚР Ұлттық экономика министрлігі Арнайы бағдарламалар комитетінің төрағасы Б.М. Сыздықов қатысты.
Кездесу барысында Жолдауда көтерілген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық бірлік пен этносаралық татулықты нығайту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар қалалық Славян этномәдени бірлестігінің төрағасы Наталья Сергеевна мен қалалық Өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шакирбек Умаров сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттер мен бастамалардың маңыздылығына тоқталды. Олар елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау, этносаралық татулықты нығайту және ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеудің маңызын атап өтті.
Ашық форматта өткен кездесуде этнос өкілдері өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, көкейдегі сауалдарын қойды.

