Бәйдібек ауданында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және борыштық міндеттемелер бойынша құқықтық қолдау көрсетуге бағытталған ақпараттық-түсіндіру семинары өтті. Бұл шара «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Кешенді кеңес беру жұмыстарының басты мақсаты – аудан тұрғындарын қаржылық қиындықтардан сақтау, несие шарттарын сауатты түсіндіру, алаяқтықтан қорғану тәсілдерін үйрету және азаматтардың өз құқықтарын қорғау жолдарын көрсету.
Семинарға арнайы шақырылған мамандар – «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша жетекшісі, заңгер Жандос Әзімбай және педагог-психолог Шара Абдирахманова қатысып, тұрғындарға маңызды кеңестер мен практикалық бағыт-бағдар берді. Онда азаматтарға қаржылық кеңестер беруді есеп-шоттарын бұғаттан босату үшін не істеу керек, шешудің қандай жолдары бар екендігі туралы кеңес берілді.
Заңгер Жандос Әзімбай:
– Қаржылық және құқықтық сауаттылық – бұл азаматтың өз өміріне деген жауапкершілігі мен қауіпсіздігінің негізі. Әрбір адам қаржылық шешім қабылдамас бұрын құқықтық салдарын бағалай алуы тиіс. Біздің міндетіміз – осы жолда қолдау көрсету, – деп атап өтті.

Педагог-психолог Шара Абдирахманова:
– Қаржылық мәселелер адамның эмоционалдық жағдайына, отбасылық тыныштығына әсер етеді. Әсіресе, лудомания мен қарызға тәуелділік секілді жағдайлар адамды тұйыққа тіреуі мүмкін. Сондықтан қаржылық сауаттылықпен қатар, психологиялық тұрақтылықты қалыптастыру да аса маңызды, – деді өз баяндамасында.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Тұрғындар мамандарға көкейдегі нақты сұрақтарын қойып, несиелік міндеттемелер, отбасы бюджетін жоспарлау, төлем қабілеттілігін дұрыс бағалау, қаржылық алаяқтықтан қорғану және құқықтық көмекке жүгіну жолдары жөнінде кәсіби кеңес алды.
Аудан тұрғындары мұндай кездесулердің маңыздылығын жоғары бағалап, келешекте де осындай ағартушылық бағыттағы шаралардың жалғасын табуын қолдайтындарын жеткізді.
Turkistan #AFM #Түркістан #АФМ #Туркестан #Бәйтерек