Бүгінде шет елде білім алуға ынталы азаматтар жетерлік. Қазіргі жаһандану дәуірінде бұл үрдіс дұрыс та болар. Олардың ішінде ақпарат айдынында түрлі толқынға төтеп беріп, бұқара мен билік арасында алтын көпір болған журналистерді көргенде ерекше қуанасың. Сүзгіленбеген ақпарат кеңістігінде млндаған жалған дәйек арасынан шынайы әрі бұқпасыз дүниелерді көпке ұсыну мақсатында білім алып жүрген әріптестіріміздің бірі – Маралбек Сағынғанов.
Ақтөбенің тумасы көпшілікке еліміздің жетекші телеарналарындағы журналисттік қызметі арқылы танымал. Алайда алғашқы еңбек жолын аймақтық телеарнадан бастаған болатын. Ақтөбедегі «Рика ТВ» телеарнасында 2002-2007 жылдары жұмыс жасап, қатардағы репортердан қазақ бөлімінің бас редакторына дейін өскен білікті маман өңірлік арнадағы қазақ тілді бағдарламаларын 123% арттырып, жаңа 5 бағдарламаны көпшілікке ұсынды. Бүгінде Ақтөбе халқының көңілінен шығып, ықыласына бөленіп отырған қазақ тілді бағдарламалардың бастауында сол тұста жиырмадан енді асқан Маралбек Сағынғанов тұрғанын көпшілік білмейді де.

Кейін Елордамыздағы Еуразия Бірінші арнасы мен қазақ телевизиясының қара шаңырағы «Qazaqstan» телеарналарындағы қызметі енді тек бір облысты емес, бүтін бір елдің игілігіне жарады. Бұл сөз астамдық емес. Ақпараттың қазанында қайнаған шағында елдегі темір жолға қатысты өткір мәселелерді ашық көтеріп, журналисттік зерттеу де жүргізді, талдады, проблеманың шешімін де ұсынды. Нәтижесі уақыт күттірмеді. Мәжілістің мінберіне дейін жеткен журналист үні естілді. Ақыры арнайы заң да қабылданды.
Міне, біздің түсінігіміздегі журналист болмысы осы болса керек.

Алайда бар жиған тәжірибесі мен біліктілігін одан әрі шыңдауды мақсат еткен М.Сағынғанов әуелі еліміздегі жетекші білім ордасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылымға деген алғашқы қадамын жасады. Журналистика магистрі атағын иеленіп, нағыз ақпарат мұхитының акулалары жиналған АҚШ-қа қарай бет алды. Нақты ғылым саласының өкілдерінің өзі аяқ тартатын жетекші оқу орындарында білім алуды мақсат етті. Ақыры Оңтүстік Калифорния университетінің магистратурасын тәмәмдады. Кейін Оңтүстік Штаттар университетінің бизнесті әкімшілендіру магистрі атағын қоса алды.
Жігітке жеті өнер де аз деген осы болса керек. Жеткен биігінде тоқтамай, өзге де белестерді бағындырып келе жатқан Маралбек расында көпке үлгі. Қашықта болса да елдегі әріптестеріне онлайн ашық дәрістер өткізіп, түрлі семинарларда арнайы баяндамасын да жасауда. Әлемдік озық тәжірибемен бөлісіп, өзгелердің де білім көкжиегін кеңейтуде қызмет етуде.
Білім мұнарасын бағындырған білікті маман арасында журналистика саласының бір өкілі болса, ол сөзсіз – Маралбек Сағынғанов.
Әріптесіміздің алдағы бастамаларынің нәтижелі болып, ақпарат айдынындағы сапарында сәттілік тілейміз.
Редакция ұжымы
