Түркістан облысы аграрлық салада айтарлықтай серпіліс жасап, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуде жетекші өңірлердің бірі болып отыр. 2025 жылғы егін жинау науқанының қорытындысы облыстың ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму қарқынын сақтап отырғанын айқындады. Биыл егіс көлемі 907 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артты. Мұндай өсім – су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізудің нәтижесі. Соңғы үш жылда тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері 43,4 мың гектарға енгізілген. Бұл – өңірдің табиғи жағдайын тиімді пайдалана отырып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, мақта өсіруде тамшылатып суару әдісі арқылы өнім көлемі екі есеге артқан. Күріш дақылы да алғаш рет осы әдіспен егілді және гектарына 4–5 тонна өнім алынды. Бұл тәжірибе агросектордың инновациялық бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасымен аграрлық секторды қолдау шаралары кешенді түрде жүргізілуде. 2025 жылы минералды тыңайтқыштарға 12,2 млрд теңге бөлініп, жоспар 120 пайызға орындалды. Сонымен қатар, шаруаларға 93,3 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай беріліп, оның бағасы нарықтан 18 пайызға төмен болды. Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығын цифрландыру, техника паркін жаңарту және жаңа технологияларды енгізу жұмыстары да жүйелі жолға қойылған. Биылдың өзінде 1 531 жаңа техника алынған, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 10 пайызға жетеді деп күтілуде. Мұның бәрі өңір экономикасының құрылымын әртараптандыруға, ауылдық жерлердегі табыс көзін арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беруде. Мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті биліктің үйлесімді жұмысының арқасында Түркістан облысы агроөнеркәсіп саласында инновациялық трансформация кезеңіне аяқ басты.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
