Түркістан облысына қарасты Арыс қаласы аумағындағы Ақдала ауылында береке мен бірлікті, қайырымдылық пен жауапкершілікті дәріптейтін игі іс жүзеге асты. Ауыл жастарының ұйымшыл еңбегінің нәтижесінде асар дәстүрімен салынған жаңа тұрғын үй мұқтаж жанұялардың бірі – Досыбаевтар әулетіне табысталды.
Бұл бастама – қазақ халқының көне де қастерлі асар дәстүрінің бүгінгі заманға лайық жаңғырып, қоғам өмірінде нақты іске айналғанының жарқын көрінісі. Бірігіп жұмыс істеу, қиын сәтте қолдау көрсету, әлеуметтік жауапкершілікті сезіну – Ақдала жастарының басты ұстанымына айналған.
Жаңа баспананы табыстау рәсіміне ауыл тұрғындары, ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиын барысында жаңа қоныс иелеріне ақ тілектер айтылып, жастардың қайырымды іске ұйытқы болған еңбегі ерекше аталып өтті. Ел ішінде бірлікті нығайтып, жастарды ортақ іске жұмылдыра білген белсенді азаматтарға құрмет көрсетіліп, дәстүрге сай иықтарына шапан жабылды.
Ауыл ақсақалдары жастардың бастамасына жоғары баға беріп, мұндай игі істер елдің ынтымағын арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың бойында мейірім мен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыратынын атап өтті.
Барлық тұрмыстық жағдайы жасалған баспана 1981–2002 жылдары туған Ақдала ауылы жастарының ортақ күшімен салынды. Құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңге бөлініп, әрбір жас өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарды. Бірі құрылыс материалдарын тасымалдаса, енді бірі кірпіш қалап, үшіншілері ішкі әрлеу жұмыстарына атсалысты.
Айта кетерлігі, үй салынған жер телімі ауылдың бір азаматы тарапынан қайырымдылық мақсатта тегін берілген. Бұл да ауыл ішінде өзара сенім мен жанашырлықтың берік екенін айғақтайды.
Ақдала ауылының жастары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Бұған дейін де олар дәл осындай асар дәстүрімен тағы бір мұқтаж отбасын баспанамен қамтамасыз еткен. Бұл жолғы игі іс – сол бастаманың заңды жалғасы.
Алдағы уақытта Ақдала жастары қайырымдылық пен өзара қолдауға негізделген бұл бастаманы тұрақты түрде жалғастырып, тағы бір мұқтаж отбасыға жаңа баспана тұрғызуды жоспарлап отыр. Мұндай игі істер ауыл өміріне серпін беріп, қоғамда әлеуметтік әділеттілік пен адамгершілік құндылықтардың нығаюына үлес қоспақ.
Ақдала ауылында жүзеге асқан бұл бастама – асар дәстүрінің тек өткеннің еншісінде қалмағанын, керісінше қазіргі қоғамда да өзекті әрі қажетті құндылық екенін дәлелдейді. Жастардың ұйымшылдығы мен жанашырлығы, ауыл тұрғындарының бір мақсатқа жұмылуы – көпке үлгі боларлық іс.
Осындай қайырымды қадамдар арқылы ауылда ғана емес, тұтас өңірде бірлік пен ынтымақтың, өзара қолдаудың берік негізі қалыптасып келеді.
