АРЫС: САНАЛЫ ЕЛДІ МЕКЕНІНЕ ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

Арыс қаласына қарасты Саналы елді мекенінің тұрғындары көптен күткен қуанышқа кенелді. Ауылға алғаш рет табиғи газ жеткізіліп, игілікті іске қала әкімі Қайсар Маңқараев арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады. Бұл оқиға ауылдың инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудағы маңызды қадам болып отыр.

Салтанатты шара барысында қала әкімі ауыл тұрғындарын бүгінгі қуанышты күнмен құттықтап, ел игілігіне жасалған қадамның стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халқымыздың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға баса назар аударуда. Бүгінгі оқиға – сол ауқымды жұмыстың нақты көрінісі. Сіздер көптен күткен қуанышты сәтке жеттіңіздер», – деді Қайсар Маңқараев.

Шара барысында салтанатты түрде алау жағылып, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар жаңа инфрақұрылымға алғыстарын білдірді. Табиғи газ тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, үйлерді жылыту мен отынға кететін шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін газға қосылу заманауи тұрмыстық техника мен пештердің жұмысын қамтамасыз етіп, энергия тиімділігін арттырады.

Айта кетейік, Саналы елді мекенін газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жеке инвестор «Otebay Gaz» ЖШС жүзеге асырды. Бұл – ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды инвестициялық қадам. Жаңа инфрақұрылым ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, тұрмыстық және ауыл шаруашылығы мақсатындағы өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, жыл басынан бері Арыс қаласына қарасты Байырқұм, Жиделі және Көкжиде елді мекендері де табиғи газға қосылған. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін қала орталығы мен Аққала ауылына көгілдір отын жеткізу жұмыстары аяқталады. Мұндай жобалар шалғай елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосуда.

Саналы елді мекенінің табиғи газға қосылуы тек тұрғындар үшін емес, бүкіл аудан үшін маңызды серпіліс болып отыр. Бұл ауылдың әлеуметтік дамуын жеделдетіп, білім беру, денсаулық сақтау және шағын кәсіпкерлік қызметтерінің дамуына қосымша серпін береді. Сонымен қатар, көгілдір отынның қолжетімді болуы энергетикалық қауіпсіздікті арттырып, коммуналдық қызметтерді тиімді ұйымдастыруға жол ашады.