АРЫС: БАЙЫРҚҰМДА ІРІ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСУДА

Арыс қала әкімі Қайсар Маңқараев Байырқұм ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізді. Жүздесу барысында ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды. Тұрғындар өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтып, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік нысандарға қатысты өзекті мәселелерді көтерді.

Кездесу барысында ауылдық округте соңғы жылдары жүзеге асқан оң өзгерістерге тоқталды. Былтыр Байырқұм және Көкжиде елді мекендеріне табиғи газ жеткізіліп, халық көгілдір отынның игілігін көре бастады. Сонымен қатар көшелерді абаттандыру, аяқжолдар салу, жолдарға тас төсеу, балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар жасалды. Электр желілерін жаңғырту шаралары да жүйелі түрде жалғасуда.

Биыл жылы қолға алынған ірі жобалардың бірі – Байырқұм ауылдық округіндегі негізгі БК-1 және БК-1А каналдарын күрделі жөндеу жұмыстары. Ұзақ уақыттан бері көтеріліп келген бұл мәселе нақты шешімін тауып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жоба аясында ұзындығы 5,6 шақырым болатын негізгі канал бетонмен қапталып, 46,6 шақырымды құрайтын тармақтардағы бетон лотоктар толық ауыстырылады. Ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін бұл бастама ерекше маңызға ие. Себебі суармалы жүйенің жаңаруы егіс алқаптарының өнімділігін арттырып, су шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Байырқұм елді мекенінде заманауи спорт залының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бой көтергелі жатқан жаңа спорт нысаны ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Пайдалануға берілгеннен кейін балалар мен жасөспірімдер спортпен жүйелі түрде айналысып, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалады. Бұл бастама салауатты өмір салтын насихаттауға және жас буынның жан-жақты дамуына зор ықпал етеді.

Жиын қорытындысында Арыс қаласының әкімі тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен өтініштердің барлығы назарға алынатынын жеткізіп, жауапты сала басшыларына нақты әрі жүйелі тапсырмалар жүктеді. Байырқұм ауылдық округін дамытуға бағытталған жобалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға серпін бермек.