«TURAN» АЭА: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ДРАЙВЕРІ

Түркістан облысы еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі ретінде инвесторлар назарын өзіне аударып отыр. Бұл бағытта «Turan» арнайы экономикалық аймағы шешуші рөл атқарып келеді. Аумағы 4 414 гектардан асатын аймақ бүгінде 189 жобаны біріктіріп, облыстың өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруде.

Жобалардың жалпы құны 1 триллион теңгеден астам, ал толық іске қосылған жағдайда 12 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 255,9 млрд теңгенің 40 жобасы жүзеге асырылып, өңір экономикасына серпін беруде.

Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков төрағалығымен өткен мәжілісте инвестициялық жобаларды іске асыру, рұқсат құжаттарын жеңілдету және инвесторларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

– «Turan» АЭА – өңірдің ғана емес, жалпы еліміздің экономикалық қуатын арттыратын стратегиялық алаң. Біз инвесторлар үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Басты мақсат – жобалардың нақты нәтижесін көру және өңірлік экономиканы жаңа сапаға шығару, – деді Т.Қозбеков.

Мәжілісте облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілдері аймақтың даму қарқыны туралы баяндама жасады. Тиісті мекемелерге бюрократиялық кедергілерді азайтып, инвесторлармен жұмыс тиімділігін күшейту міндеті жүктелді.

«Turan» АЭА-ның табысты дамуы Түркістан облысының экономикалық картасында жаңа индустриялық белдеу қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұнда іске қосылатын кәсіпорындар тек аймақтық емес, республикалық маңызы бар өндіріс орталықтарына айналмақ.

Инвестиция мен инновацияны біріктірген бұл жоба Түркістанның экономикалық дербестігін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және өңірдің жалпы ішкі өнімін ұлғайтуға елеулі үлес қосады.