Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен қазақстандық өнімнің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Солардың бірі – Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында жылыжай шаруашылығының қарқынды дамуы. Жеке кәсіпкер Рашид Аминов 2018 жылдан бері жылыжай бизнесін дөңгелетіп келеді. Бүгінде ол 15 соттық жылыжайға қияр, 10 соттық жерге қызанақ егіп, жыл сайын 25 тоннаға дейін өнім жинауда. Кореялық үлгіде салынған жылыжайда өнім жылына екі рет алынады. Мұндай тәсіл шаруашылықтың тиімділігін арттырып, табысты екі есеге дейін көбейтуге мүмкіндік беріп отыр. Өнімдер Кентау қаласы мен ауыл дүкендеріне жеткізіліп, жергілікті нарықты отандық жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуде. Бұл – ауыл кәсіпкерлерінің өз еңбегімен өңір экономикасына нақты үлес қосып отырғанының айғағы. Сонымен қатар, кәсіпкер ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, 5-6 адамға тұрақты жұмыс орнын ашқан. Бұл ауылдық жерде әлеуметтік жағдайдың жақсаруына, жергілікті халықтың табысын арттыруға оң ықпал етуде. Қазіргі таңда Қарнақ ауылында жылыжай шаруашылығымен айналысатын 30-дан астам шаруа қожалығы бар. Олар әртүрлі көкөніс дақылдарын өсіріп, өнім көлемін жыл сайын ұлғайтып келеді. Мұндай бағыттағы бастамалар облыстың агроөнеркәсіп әлеуетін күшейтіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда. Мамандардың айтуынша, жылыжай шаруашылығы – ауыл шаруашылығындағы ең табысты әрі тиімді бағыттардың бірі. Заманауи жылыжай кешендері суды үнемдеп, өнім сапасын арттырумен қатар, экологиялық таза, қазақстандық өнімге деген сенімді де күшейтеді. Облыс әкімдігі мен жергілікті басқармалар шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, субсидиялар мен жеңілдетілген несие беру бағыттарын белсенді түрде жалғастыруда. Бұл шаралар ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуына және ауыл экономикасын дамытуға зор мүмкіндік беріп отыр. Түркістан облысы бүгінде жылыжай шаруашылығын кеңінен дамытып отырған жетекші өңірлердің бірі. Мұндай жобалар – ел экономикасының ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртуға, қазақстандық өнімнің сапасы мен экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашатын маңызды бастамалар. Қарнақ ауылындағы жылыжай шаруашылықтарының дамуы – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының, ауыл кәсіпкерлерінің еңбегі мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы табысты қадамының жарқын дәлелі.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
