Қазығұрт ауданының Жаңабазар ауылдық округінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде іске асырылуда. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, аудан мен Түркістан облысының экономикалық дамуына да айтарлықтай үлес қосуда. Ауылдағы инфрақұрылымдық жаңартулар аясында:«Қисық қорған» және «Қожамберді» каналдары механикалық тазалаудан өткізілді, бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді суару және жерлердің құнарлылығын арттыруға септігін тигізеді. Жаңаталап елді мекенінің тұрғындарына жеке қаражат есебінен ауыз су құбыры тарту жұмыстары жүргізілуде. Жаңабазар және Үлгілі елді мекендерінің арасындағы көпірге жарықтандыру орнату үшін сметалық есеп жасалып, қаржыландыруға бюджет қарауына ұсынылды. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен санитарлық ахуалын қамтамасыз ету мақсатында қаңғыбас ит, мысықтарды аулау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Электр желілері жаңартылып, тозығы жеткен бағаналар ауыстырылуда. Жол инфрақұрылымын жақсарту үшін Тілектес елді мекеніндегі Бостанов көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып, техникалық және қаржылық құжаттар дайындалды.Жайылым жерлерді тиімді пайдалану және агроөнеркәсіптік саланы дамыту үшін, ауыл округінде мемлекет меншігіне қайтарылған және тіркелген жайылым жерлерінің көлемі артты. Сонымен қатар, білім саласын дамыту мақсатында «Жеңіс» мектебіне 150 орындық жаңа типтік мектеп ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржыландыруға ұсыныс жолданды. Бұл мектеп жергілікті оқушыларға заманауи жағдайларда білім алу мүмкіндігін береді және еңбек әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Жаңабазар ауылдық округінде атқарылып жатқан инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар – тұрғындардың өмір сапасын арттырумен қатар, Қазығұрт ауданының экономикалық дамуын, ауылдық жерлердің өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігін және инвестициялық тартымдылығын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар болып отыр.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
