ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫ: АЛТЫНТӨБЕ МЕН АҚБАСТАУДА ФАП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Қазығұрт ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты басымдықтардың бірі – ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету. Осы бағытта атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі ретінде Қазығұрт ауданына қарасты Алтынтөбе және Ақбастау ауылдарында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттердің пайдалануға берілуін атап өтуге болады.

Маңызды әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатына аудан әкімі Азизхан Исмаилов және AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады. Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Мемлекет басшысының шалғай елді мекендерде денсаулық сақтау нысандарын салу, халыққа алғашқы медициналық көмекті қолжетімді ету жөніндегі тапсырмасының Қазығұрт ауданында кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын атап өтті.

Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттердің негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті уақытылы әрі сапалы көрсету. Медициналық нысандар тәулігіне 10 адамды қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл – тұрғындардың аудан орталығына немесе алыс елді мекендерге сабылмай, қажетті медициналық көмекті өз ауылынан алуына жағдай жасайды. Сонымен қатар, жаңа ФАП-тардың іске қосылуы нәтижесінде 4 жаңа жұмыс орны құрылып, ауылдағы жұмыспен қамту мәселесіне де оң ықпал етті.

Ғимараттар заман талабына сай салынып, барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Алғашқы тексеру, ем-дом көрсету, профилактикалық бақылау жүргізуге арналған бөлмелер санитарлық талаптарға толық сәйкес келеді. Құрылыс жұмыстарын «Урба-Стандарт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, нысандар белгіленген талаптарға сай пайдалануға берілді.

Ауыл тұрғындары медициналық пункттердің ашылуын зор қуанышпен қабылдап, елді мекендерде алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуына жағдай жасағаны үшін аудан әкімдігіне ризашылықтарын білдірді. Тұрғындардың айтуынша, бұл нысандар әсіресе балалар, қарттар мен жүкті әйелдер үшін үлкен қолдау болмақ.

Жалпы алғанда, Алтынтөбе мен Ақбастау ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттердің ашылуы Қазығұрт ауданындағы денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Мұндай жобалар ауыл халқының өмір сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің тұрақты дамуына, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге және халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтуға қызмет етеді. Қазығұрт ауданы осы бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырып, ауыл медицинасын дамыту жолында нық қадам жасай бермек.