Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысының экономикалық дамуының өзегі. 2025 жылға дейін бұл сала өңір экономикасының негізгі өсім нүктесіне айналмақ. Бүгінде облыс бойынша 487,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, жылдық өсім 100,1% деңгейінде. Мұндай нәтижеге жету — агроөнеркәсіп кешенін жоспарлы және тиімді басқарудың нәтижесі.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оны қайта өңдеуге, сақтау мен логистика жүйесін жетілдіруге айрықша мән берілуде. Себебі өнімнің өз нарығында да, экспортта да бәсекеге қабілетті болуы үшін өндірістен сөреге дейінгі тізбек толыққанды жұмыс істеуі қажет.
Ауыл аймақтарында инвестициялық серпін байқалады. 2025-2027 жылдары 67 жоба іске асырылып, 2 488 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Оның 22 жобасы биылдың өзінде жүзеге асырылып, 935 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл – ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттырып, өз жерінде табыс табуға мүмкіндік беріп отырған нақты нәтиже.
Сонымен қатар, облыстағы 907 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға көп. Мұндай өсім – облыстың өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету қабілетін күшейтеді. Астық жинау науқаны 100 пайызға орындалып, 791 мың тонна көкөніс, 1,1 млн тонна бақша, 234 мың тонна картоп және 9 мың тонна мақсары өнімдері алынды.
Агросектордағы осындай жетістіктер өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ішкі нарықтағы баға тұрақтылығына да оң әсерін тигізуде. Ең бастысы – ауыл халқының табысын арттыру арқылы әлеуметтік жағдайы жақсарып, жергілікті экономика өз-өзін қамтамасыз ету деңгейіне көтерілуі.
Бүгінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша республикада алдыңғы орында. Бұл – еңбекқор шаруалардың, тиімді жоспар мен мемлекеттік қолдаудың үйлесімді нәтижесі.
