Шымкент қаласы мәслихатының кезекті XXXI сессиясы өтті. Отырысты мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов жүргізіп, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, әкімнің орынбасарлары, аудан әкімдері, қалалық басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Сессияда қала бюджетінің нақтылануы, даму жоспарлары мен әлеуметтік бастамаларға қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Сессия барысында 2026 жылғы мегаполис бюджеті 818,3 млрд теңге деңгейінде бекітіліп, оның ішінде өзіндік кірістер 622 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2025 жылмен салыстырғанда 25% өсімді көрсетіп, қала дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын айқындайды. Бюджет қалыптастырылуда ең алдымен жалақы төлемдері, міндетті әлеуметтік төлемдер және әлеуметтік сала шығыны қамтылған. Әлеуметтік салаға жалпы бюджет көлемінің 54%-ын немесе 438 млрд теңгені бөлу жоспарланған. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам. Депутаттар 2021–2025 жылдарға арналған Шымкент қаласының даму жоспарының орындалуы туралы есепті тыңдағаннан кейін, жаңа стратегиялық құжат – 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспары бекітілді. Алдағы бес жылда қала аумағында 6,6 трлн теңге инвестиция тарту, 5,7 млн шаршы метр тұрғын үй салу және өнеркәсіп өндірісін 1,4 есеге арттыру жоспарлануда. Бұл шаралар Шымкенттің аумақтық дамуын қамтамасыз етіп, мегаполистің инфрақұрылымын жаңғыртуға және тұрғындардың өмір сапасын көтеруге бағытталған. Сессияда әлеуметтік қолдау бағытында да шешімдер қабылданды: тегін дәрілік препараттар тізіміне үш жаңа нозология енгізілді, тұрғын үй көмегін көрсету және тұрғын үй сертификаттарын беру қағидалары жаңартылып, қала тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы бекітілді. Сонымен қатар, мәслихаттың тұрақты комиссияларының есептері тыңдалып, мәслихат аппараты мен Ревизиялық комиссия туралы ережелер жаңартылды. Сессия соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қабылданған шешімдердің стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, мегаполистің тұрақты дамуына бағытталған бастамаларды қолдаған депутаттарға алғыс білдірді. Қаланың аумақтық дамуы, инфрақұрылымды жетілдіру және халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасатын болады. Бұл шешімдер Шымкенттің әлеуметтік-инженерлік дамуына, тұрғындардың өмір сапасын көтеруге және қаланың заманауи мегаполиске айналуына нақты үлес қосатын маңызды қадамдар ретінде қарастырылуда.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
