Шымкент қаласы соңғы жылдары Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан туристік орталықтардың бірі болып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті берген тапсырмалары аясында қаланың туристік инфрақұрылымын кеңейту, мәдени-тарихи нысандарды жаңғырту және халықаралық туристік тартымдылықты арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қалаға келген туристер саны 406 мыңнан асты. Оның басым бөлігін ішкі туристер құрайды, ал 29 мыңнан астамы – шетелдік қонақтар. Бұл көрсеткіш Шымкенттің туристік тартымдылығы жыл сайын артып келе жатқанын дәлелдейді.
Қаладағы орналастыру инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда 159 қонақ үй мен өзге де орналастыру орындары жұмыс істейді. Бөлмелер қоры 4 мыңнан асып, төсек-орын саны 8 700-ден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-дан астам өсім көрсетіп отыр. Қызмет көрсету көлемі 2025 жылы 10,3 млрд теңгеден асып, бір жылда 24,5%-ға артты.
Туризм саласына тартылған инвестициялар да айтарлықтай. 2024–2025 жылдары қалада 12 жаңа қонақ үй ашу жоспарланып, оның 7-еуі пайдалануға берілді. Алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі «Hilton» қонақ үйінің құрылысы басталып, 2026 жылы іске қосылады. Сонымен қатар, Бадам су қоймасы аумағында «Omir Shymkent» глэмпинг жобасы жүзеге асырылып, заманауи демалыс пен экотуризмді дамытуға серпін береді.
Қаланың туристік әлеуетін арттыруда тарихи және мәдени нысандарды жаңғырту да назардан тыс қалмай отыр. «Ибрагим ата» мен «Қарашаш ана» кесенелерінің аумағы абаттандырылып, туристер үшін қолайлы жағдай жасалды. 2026 жылы Сайрам аумағындағы бірқатар тарихи нысандарды реконструкциялау жоспарланып отыр.
Қалада 17 туристік маршрут тұрақты түрде қызмет көрсетуде. Олардың ішінде халықаралық бағыттағы Түркістан – Ташкент – Ақсу-Жабағалы – Шымкент бағыты жоғары сұранысқа ие. Туристік қызмет көрсету саласында 24 туроператор мен 120 туристік агенттік жұмыс істейді. Сонымен қатар, жаңа әуе терминалының іске қосылуы нәтижесінде Шымкенттен шетелдің 8 қаласына тікелей әуе рейстері ашылды.
Сервис сапасын арттыру мақсатында цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. «Visit Shymkent» туристік порталы, 3D-маршруттар, QR-кодтар, навигациялық тақталар және туристік ақпараттық орталықтар қала қонақтарына қажетті мәліметтерді жылдам алуға мүмкіндік береді.
Осы атқарылған шаралардың нәтижесінде Шымкент қаласы туристік инфрақұрылымын жаңғыртып, өңірлік және халықаралық деңгейде тартымды туристік орталыққа айналуда. Бұл – тек экономикалық өсім мен инвестициялық тартымдылықты арттыру емес, сонымен қатар Президент тапсырмаларын орындау арқылы қаланың тұрақты дамуына қосылған нақты үлес болып табылады.
