ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА КҮН ЭНЕРГИЯСЫ: МИКРОГЕНЕРАЦИЯ АРҚЫЛЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

Шымкент қаласында жеке күн генерациясы қарқынды дамып келеді. Қалада микрогенерация жүйелерін енгізу netто-тұтынушылар санының 3,5 есеге өсуіне мүмкіндік беріп, кәсіпкерлер мен тұрғындарға 200 млн теңгеден астам қаржылық пайда әкелді. Күн энергиясы қала энергетикасының тиімділігін арттырып, электр желісіне түсетін жүктемені азайтуға септігін тигізіп, шағын және орта бизнес үшін нақты табыс көзіне айналды. Микрогенерация – жеке және коммерциялық күн электр станцияларын құру арқылы тұтынушыларға өз қажеттілігін қамтамасыз етуге ғана емес, артығын желіге сатуға мүмкіндік беретін заманауи энергетикалық шешім. Бұрын нишалық бағыт ретінде қарастырылған netто-тұтыну моделі бүгінде Шымкент қаласының энергия жүйесінің тұрақты бөлігіне айналды. Бұл жүйе желідегі жүктемені азайтып, инфрақұрылымның сенімділігін арттырады, әсіресе ыстық мезгілде шамадан тыс жүктемені төмендетеді және энергия сұранысына тез жауап беруге мүмкіндік береді. 2025 жылдың қаңтар–қараша айлары аралығында Шымкент қаласындағы «Оңтүстік Жарық Транзит» желілеріндегі нетто-тұтынушылар саны 22-ден 78-ге дейін өсті, яғни он ай ішінде 3,5 еседен астам артты. Күн станцияларының орнатылған қуаты да едәуір өсіп, жылдың басындағы 2 750 кВт-тан қарашада 7 602 кВт-қа жетті. Сонымен қатар, желіге берілетін күн энергиясының көлемі жылдам өсуде: 2025 жылдың он айында ол 3,5 млн кВт·сағ-тан асты, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бірнеше есе көп. Қаржылық тиімділік те айқын көрініс тапты. «Оңтүстік Жарық Транзит» желісінде күн станциялары арқылы netто-тұтынушыларға 200 млн теңгеден астам төлем жасалды, оның 120 млн теңгесі 2025 жылдың қаңтар–қазан айларында жүзеге асырылды. Бұл қаражат күн станциялары бар кәсіпкерлер мен тұрғындар үшін нақты табыс көзі болып, инвестицияның қайтарымын қамтамасыз етеді. Шымкент қаласында микрогенерацияны дамыту энергия тиімділігін арттыруға, резервтік қуаттарға кететін шығындарды төмендетуге, желідегі тұрақтылықты күшейтуге және өңірдің энергия тәуелсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жаңа модель тек энергияны өндіруді ғана емес, тұтынушының энергия өндірісінің белсенді қатысушысына айналуын қамтамасыз ететін жаңа энергетикалық мәдениетті қалыптастырады. Алдағы уақытта нетто-тұтынушылар саны одан әрі өсіп, орнатылған қуат 10 МВт-қа дейін жетуі мүмкін. Бұл – жылына 5 млн кВт·сағ-тан астам таза энергия, яғни қаланың энергия жүйесіне нақты экономикалық және экологиялық пайда әкелетін маңызды көрсеткіш. Шымкент қаласындағы тәжірибе таратылған генерацияның дәстүрлі көздермен үйлесімді жұмыс істей алатынын, желінің тұрақтылығын арттыра алатынын және жалпы экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететінін дәлелдейді. Микрогенерация – болашақтың емес, бүгінгі күннің тиімді шешімі. Ол тұтынушыны өндірушіге айналдырып, желіні икемді әрі сенімді етеді, өңірге қосымша энергия ресурсы мен тұрақты экономикалық пайда әкеледі. Шымкент қаласында күн энергиясының дамуы тұрақты энергетикалық даму жолындағы нақты, перспективалық әрі стратегиялық қадам болып отыр.