ШЫМКЕНТ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ СТАБИЛЬДІЛІК ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласында әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Қаланың даму стратегиясы аясында энергетика, коммуналдық қызметтер, азық-түлік нарығы мен төтенше жағдайлар саласында кешенді жұмыстар атқарылуда. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің қалалық департаменті 2025 жылғы жұмыс қорытындыларын шығарып, коммуналдық және энергетикалық сектордағы негізгі жетістіктерді атап өтті. Қалада жылумен, сумен, газбен жабдықтау және су бұру салаларында 6,8 млрд теңгеден астам инвестициялық бағдарламалар бекітілген, коммуналдық және энергетикалық кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы 14–31 пайызға көтерілді. Сонымен қатар, тұрғындарға арналған тарифтер төмендетіліп, инфляцияның алдын алу бойынша нақты шаралар қабылданды: 2026 жылдың қаңтарынан жылудың тарифі 6%, судың 5%, газдың 14,6% төмендетіледі. Жоспардан тыс жүргізілген тексерулер барысында 66 әкімшілік іс қозғалып, айыппұлдар сомасы 367,7 млн теңгеден асты. Қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мерекелік кезеңде азық-түлікке сұраныстың артуына байланысты ірі сауда желілері мен өндірушілермен келісімшарттар жасалып, 58 негізгі өнім мен 19 әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы күнделікті бақылауда болады. Сонымен қатар, көршілес облыстардың өндірушілері қатысатын апталық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, тұрғындарға қолжетімді өнімдер ұсынылуда. 100-ден астам компаниямен меморандумдарға қол қойылып, негізсіз баға өсіміне жол бермеу шаралары қабылданды. Төтенше жағдайлар саласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ведомствоаралық жоспар бекітіліп, «Газ баллоны», «Қауіпсіз Жаңа жыл» және «Пиротехника» сияқты алдын алу акциялары жүзеге асырылуда. Жаңа жылдық мерекелік іс-шаралар өтетін орындарда өрт сөндіру техникасы мен ТЖД қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды, газ жабдықтары орнатылған автокөліктер мен сауда нысандары тексерілуде. Қалалық әкімдік энергетика, коммуналдық қызметтер және азық-түлік нарығын бақылау жұмыстарын одан әрі күшейту арқылы тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қаланың тұрақты дамуына ықпал етуді мақсат етуде. Бұл кешенді шаралар Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтып, мегаполистің дамуы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.