Шымкент қаласында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіру және жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын салаларға енгізу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қалада соңғы үш жылда цифрлық инфрақұрылымды нығайту мақсатында 295 жаңа базалық станция орнатылып, 398 станция толық жаңғыртылды. Аталған бұл шаралар қаладағы тұрғындарға сапалы және тұрақты мобильді байланыс пен интернет қызметін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Қазақтелеком» АҚ-пен бірлесіп ЖИ-ны дамытуға бағытталған жобалар іске асырылуда. Медицина саласында енгізілген инновациялар тұрғындардың денсаулығын қорғауға бағытталған. Мысалы, инсультті жылдам әрі дәл анықтауға мүмкіндік беретін «Cerebra AI» жобасы іске қосылды. Сондай-ақ, науқастарға нақты диагноз қою және ем тағайындау процесін жеңілдететін «PULS AI» интеллектуалды ассистент жүйесі енгізілді. Медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету үшін «Смарт-бейнежетон» пилоттық жобасы іске қосылды. Білім саласында да цифрлық технологиялар белсенді қолданысқа еніп отыр. Оқушыларға робототехника мен бағдарламалау негіздерін оқытуды қамтамасыз ететін «RoboPark.kz» қосымша білім беру орталығы ашылды. Бұл балаларға заманауи технологияларды меңгеруге, шығармашылық пен техникалық ойлау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Шымкент қаласындағы азаматтық бақылау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де цифрлық технологиялар белсенді қолданылуда. Дрондар арқылы жер иемдену, заңсыз құрылыс нысандарын және қоқыс алаңдарын анықтау жүзеге асырылып, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігі артты. Жол қозғалысын реттеу және кептелісті азайту үшін 331 жол қиылысындағы бағдаршам заманауи интеллектуалды жүйеге қосылды. Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында қала аумағына 4 425 бейнебақылау камералары орнатылды. Айта кетейік, Шымкент қаласында цифрлық инфрақұрылым мен ЖИ жобаларын дамыту – мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қызмет көрсету сапасының артуына, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға және қаладағы басқару тиімділігін арттыруға бағытталған стратегиялық қадам болып отыр.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
