Шымкент қаласының өндірістік қуатын арттырып, кәсіпкерлік мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның ішінде индустриалдық аймақтарды дамыту, оларға қажетті инфрақұрылым тарту – қаланың экономикалық болашағы үшін маңызды басымдықтардың бірі. Бүгінде «Жұлдыз» индустриалды аймағында соған сай ауқымды жобалардың бірі – жаңа теміржол тұйығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жобаның басты мақсаты – индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорындарды теміржол желісімен тікелей байланыстыру, жүк тасымалдауды жеңілдету және өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының тапсырысымен «INTEGRA Construction KZ» компаниясы жүзеге асырып жатқан бұл ауқымды бастама аймақтың логистикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған. Теміржол тұйығының жобасы 5 жолақтан тұрады. Оның жалпы ұзындығы 5 шақырымды құрайды. Құрылыс бекітілген кестеге толық сәйкестікте жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл – кәсіпорындар үшін тек уақыт үнемдеу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар өндіріс пен өнім жеткізу тізбегін жүйелеудің жаңа кезеңі болмақ. Жобаның жүзеге асырылуы өңірдегі индустриалды аймақтардың инвестициялық тартымдылығын арттырады. Себебі қолжетімді логистика – инвесторлар үшін аса маңызды фактор. Текесу станциясы арқылы теміржол желісіне тікелей қосылу кәсіпорындарға үлкен артықшылық беріп, өнімді ішкі және сыртқы нарыққа уақытылы жеткізуге мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар, жаңа инфрақұрылым өндірістік процестерді тиімді ұйымдастыруға жол ашып, индустриалдық аймақтағы жалпы экономикалық белсенділікті күшейтеді. Кәсіпорындардың жұмыс қарқыны артқан сайын жаңа жұмыс орындары ашылып, қала экономикасы да тұрақты дамуға бағыт алады. Шымкенттің индустриалды аймақтарында осындай ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы – қаланың өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін нақты қадам. «Жұлдыз» индустриалды аймағындағы теміржол тұйығы – Шымкенттің заманауи өндіріс орталығына айналу жолындағы маңызды баспалдағы.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
