Шымкент қаласында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай қалалық ЖИТС орталығында «Өмір аллеясы» ашылды. Бұл әлеуметтік маңызды бастама – Қазақстан Президентінің тапсырмалары аясында халықтың денсаулығын сақтау, жұқпалы аурулармен күресті күшейту және профилактикалық жұмыстарды жандандыруға бағытталған іс-шаралардың бірі болып отыр. Аллеяның ашылуына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қалалық БАҚ қызметкерлері және қоғам белсенділері қатысты. Аллеяның мәрмәр белгісін ашу рәсімін Қазақстанның құрметті журналисі, ардагер С. Жексенбаев және «Ай-ана» қоғамдық бірлестігінің координаторы С. Ширяев жүргізді. Іс-шара аясында қатысушылар қарағай көшеттерін отырғызып, аллеяны әсем әрі жасыл аймаққа айналдыруға үлес қосты. Әр егілген ағаш – жай көгалдандыру элементі ғана емес, сонымен бірге өмірге деген үміт, тұрақтылық пен қиындықтарға қарамастан өмірдің жалғаса беретінін бейнелейтін символ ретінде қарастырылады. «Өмір аллеясының» ашылуы ЖИТС орталығының бастамасымен, «Ай-ана» қоғамдық бірлестігінің қолдауы және Жаһандық қорының қаржыландыруы негізінде жүзеге асты. Бұл шара – қала тұрғындарының денсаулығын қорғауға, жұқпалы аурулардың алдын алуға және қоғамда АИТВ/ЖИТС мәселесіне деген түсіністікті арттыруға бағытталған нақты қадам болып табылады. Айта кету керек, Шымкент қалалық ЖИТС орталығында бүгінгі таңда науқастардың 94%-ында вирустық супрессияға қол жеткізілген. Жүкті әйелдерде АИТВ-инфекциясын уақытылы анықтау және анадан балаға берілуін болдырмау шаралары нәтижелі жүзеге асырылып, бүгінге дейін Шымкентте осындай статусты аналардан дені сау 620 сәби дүниеге келді. Бұл көрсеткіш – қаладағы жұқпалы аурулармен күрестегі медициналық қызмет сапасының жоғары деңгейін және Президент тапсырмасы аясындағы тиімді профилактикалық жұмыстың айқын дәлелі болып отыр. «Өмір аллеясының» ашылуы тұрғындар арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыруға, жұқпалы аурулардың алдын алуға және Шымкент қаласының әлеуметтік-денсаулық саласындағы дамуына елеулі үлес қосатын маңызды әлеуметтік бастама болып отыр.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
