ШЫМКЕНТ: ЖАСТАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ ЖӘНЕ ЕҢБЕК НАРЫҒЫН ДАМЫТУ АРҚЫЛЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ЖОЛЫНДА

Шымкент қаласы әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды бағыты ретінде жастарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аударуда. Қала әкімдігінің басым бағыттарының бірі – жастарға тұрақты еңбек мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, олардың кәсіпкерлік және кәсіби дағдыларын дамыту арқылы экономикалық белсенділікті арттыру болып табылады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жергілікті атқарушы органдар бірқатар кешенді бағдарламаларды жүзеге асырып келеді, олар жастардың еңбек нарығына бейімделуін жеңілдетіп, олардың кәсіби және әлеуметтік әлеуетін толық ашуға бағытталған. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша қаланың еңбек нарығында жастарды қолдауға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылды. «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша жыл басынан бері 13 071 жас жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тартылды. Оның ішінде 6 360 жас тұрақты жұмысқа орналастырылса, 3 533 жас мемлекет тарапынан субсидияланатын немесе уақытша жобалар арқылы жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, 56 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 787 жас «Жастар практикасы» бағдарламасына, 1 298 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға, 382 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, ал 10 жас «Ұрпақтар келісім шарты» бағдарламасы аясында жұмысқа жолданған. Жастарды кәсіби даярлау мен кәсіпкерлікті дамыту да назардан тыс қалмай отыр. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 223 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқуға тіркеліп, комиссия шешімімен 175 жасқа мемлекеттік грант берілді. Сондай-ақ, жұмыс берушілердің нақты сұранысына сәйкес 244 жас оқу ұйымдарында кәсіби даярлықтан өтіп, 70 жас тікелей жұмыс берушінің жұмыс орнында тәжірибеден өтті. Оқу процесі мен кәсіби даярлық бағдарламалары жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың болашақтағы тұрақты кәсіби дамуына жол ашты. Бұдан бөлек, 1 422 жас www.enbek.kz платформасы арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытудан өтті. Аталған кешенді шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша Шымкент қаласында 15–34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай төмендеп, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айқын көрсетті. Жастарды жұмыспен қамтудағы табысты тәжірибе экономикалық белсенділікті арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және мегаполистің ұзақ мерзімді дамуына айқын үлес қосып отыр. Қаланың әлеуметтік саясатындағы басты мақсат – әрбір жас азаматтың еңбекке араласуына жағдай жасау және олардың әлеуетін толық ашу болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табатын болады, себебі жастардың кәсіби дамуы мен әлеуметтік бейімделуі Шымкенттің тұрақты дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығының кепілі болып табылады.