ШЫМКЕНТ: ДЕМЕУШІЛЕР ҚОЛДАУЫ – ҚАЛАЛЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК САПАСЫН АРТТЫРУҒА

Шымкент қаласында тұрғындардың денсаулығын қорғау және медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қаладағы медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі. Осы бағытта демеушілердің қолдауы ерекше рөл атқарып отыр. Жуырда қаладағы медициналық ұйымдарға демеушілер есебінен 21 медициналық аппарат жеткізілді. Бұл бастама тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға және денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған. Атап айтқанда, 16 дана заманауи функционалдық реанимациялық кереует №1, №2 және №3 қалалық ауруханаларға беріліп, шұғыл медициналық көмек көрсету мүмкіндігі кеңейтілді. Сонымен қатар жаңа туған нәрестелерге арналған жоғары технологиялық инкубаторлар перинаталдық орталық пен перзентханаға табысталды. Бұл құралдар аса ауыр хәлдегі науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге, реанимациялық қызметтің тиімділігін арттыруға, жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтауға мүмкіндік береді. Жаңа жабдықтар медициналық персоналдың жұмысын жеңілдетіп, шұғыл жағдайларда уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Бұл тұрғындардың денсаулығын сақтау және өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды қадам болып отыр. Аталған демеушілік көмек «Аль Фараби Фарм Лтд» ЖШС компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды. Компанияның бұл бастамасы қаланың медициналық инфрақұрылымын жаңғыртуға, заманауи медициналық технологияларды енгізуге және халық денсаулығын нығайтуға қосылған елеулі үлес болып табылады. Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласы алдағы уақытта да медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, шұғыл және жоспарлы медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша жұмыстарды жалғастырады. Мұның бәрі қала тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, денсаулығын қорғауға және өмір сапасын көтеруге бағытталған нақты шаралар болып есептеледі. Тұрғындардың денсаулығын қорғау және медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға арналған осындай бастамалар Шымкенттің әлеуметтік даму стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады. Демеушілердің қолдауы, заманауи медициналық технологиялардың енгізілуі және мамандардың кәсіби біліктілігі халықтың өмір сапасын жақсартуға нақты мүмкіндік береді.