ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІКТЕР ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласының дамуы мен экономикалық саясаты аясында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қала аумағын абаттандыру және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қала аумақтық даму жоспарына сәйкес, әлеуметтік, мәдени және экологиялық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып, тұрғындарға қолайлы және қауіпсіз орта қамтамасыз етілуде. Атап айтқанда, Абай ауданы, «Достық» шағынауданында бұрынғы қоқыс полигонының орнына салынып жатқан «Экопарк» құрылысы демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылып жатыр. Жобаның жалпы аумағы 45 гектарды құрайды. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарының демалысы үшін барлық қажетті инфрақұрылым мен жайлы орталықтар қарастырылған. Жайлы ортаны дамыту басқармасына аумақты сапалы көгалдандыру, заманауи демалыс алаңдарын орналастыру және қоғамдық кеңістікті тиімді пайдалану бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданы, А. Асқаров көшесінде заңсыз тұрғызылған ғимараттарды бұзу жұмыстары жүргізілуде. Жауапты органдарға демонтажды толық аяқтап, аумақты қалалық стандарттарға сәйкес қалпына келтіру тапсырылды. Мұндай шаралар қаладағы заңдылықты сақтау мен қоғамдық кеңістікті тиімді пайдалану үшін маңызды болып саналады. Қаладағы мәдени-тарихи мұраға да ерекше көңіл бөлінуде. «Сайрам» тұрғын алабындағы ежелгі сәулет ескерткіші — «Қызыр» мұнарасының қазіргі жағдайы мен абаттандыру жұмыстары тексерілді. Тарихи нысандарды сақтау, қалалық туризмді дамыту және креативті индустрияны қолдау мақсатында тиісті басқармалар мен аудан әкімдіктеріне бақылау тапсырмалары берілді. Сонымен қатар, «Бадам» су қоймасы аумағында іске асырылып жатқан экологиялық туристік кешен «OMIR SHYMKENT» құрылысын аралап шықтық. Жоба тұрақты туризмді дамытуға, табиғат аясында демалыс үшін қолайлы инфрақұрылым құруға бағытталған. Нысан жетекшілері құрылыс барысы мен жобаның негізгі кезеңдері, сондай-ақ келешекте тұрғындар мен қала қонақтары үшін ұсынылатын қызметтер туралы толық ақпарат берді. Барлық бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмалары мен қала аумақтық даму жоспарына сәйкес, Шымкенттің әлеуметтік, мәдени және экологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған. Қаланың даму стратегиясы аясында қоғамдық кеңістіктерді, туристік және тарихи нысандарды жаңарту, сондай-ақ экологиялық жобаларды іске асыру тұрғындарға жайлы, қауіпсіз және қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ететін стратегиялық шаралар қатарында.