ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛА АУМАҚТАРЫН АБАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласының дамуы мен экономикалық саясаты аясында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және инфрақұрылымды жаңарту – қала аумақтық даму жоспарының басты бағыты болып отыр. Қалада жаңа жасыл аймақтар мен демалыс орындары салынып, тұрғындардың демалысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барлық жағдай жасалуда. «Достық» шағынауданында жасыл қоғамдық кеңістік құрылып, тұрғындар үшін жайлы демалыс орны жасалды. Мұнда орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарықшамдар орнатылып, автоматты суару жүйесі іске қосылды. Көгалдандыру аумағы 4 700 шаршы метрді құрайды, бұл қаладағы жасыл аймақтарды кеңейту мен экологиялық ахуалды жақсартуға маңызды үлес болып отыр. Сонымен қатар, шағынаудандардағы сауда нүктелерінде заң талаптарының сақталуын қадағалау үшін кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың балалар алаңдары мен спорттық инфрақұрылымға деген қажеттілігін ескере отырып, Түркістан көшесі мен «Қызылжар» тұрғын алабында жаңа ойын алаңдары мен абаттандырылған аумақтар құрылуда. «Нарқазан» аялдамасы тұрғындардың өтініші бойынша «Мешіт» деп қайта аталды. Сонымен қатар, «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабында медициналық қызметтерді дамыту мәселесі қарастырылып, қазіргі дәрігерлік амбулаторияның тиімді қызметі қамтамасыз етілуде. Қалалық аумақтардағы заңсыз ғимараттар мен нысандарды жою жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, тұрғындарға қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Қала көшелерінің күтімі, тазалықты сақтау және абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде қадағаланып, сапалы инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталған. Шымкент қаласының аумақтық даму жоспары аясында жүргізіліп жатқан жобалар – тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз және заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыруға арналған жүйелі және стратегиялық жұмыстардың көрінісі. Жасыл аймақтарды кеңейту, балалар мен спорт алаңдарын салу, қоғамдық нысандар мен инфрақұрылымды жаңарту тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, қаланың дамуына тұрақты серпін беруге бағытталған. Қалалық әкімдік барлық жобаларды сапалы әрі уақытылы орындау үшін кешенді жұмыстар жүргізіп, қала тұрғындары үшін ыңғайлы, заманауи және қауіпсіз ортаны қалыптастыруды басты міндет етіп отыр.